Газ өндіру бойынша әлемдік көшбасшы Қазақстандағы өзінің жобалар ауқымын кеңейтуге ниетті

Газ өндіру бойынша әлемдік көшбасшы Қазақстандағы өзінің жобалар ауқымын кеңейтуге ниетті

2021 жылғы 8 сәуірде Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев, өнеркәсіп пен денсаулық сақтау салалары үшін газ өндіру, технологияларды әзірлеу мен қызмет көрсетуде әлемдік көшбасшы болып табылатын "Air Liquide" компаниялар тобының басшылығымен кездесу өткізді. Кездесуге француз тарапынан компанияның атқарушы вице-президенті Франсуа Жаков, даму жөніндегі вице-президенті Филипп Кристодулу және халықаралық мәселелер жөніндегі вице-президенті Лоран Дюбланшэ қатысты.

Әңгімелесу барысында француз инвесторының Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалары, сондай-ақ баламалы энергетика, экологиялық көлік және медицина салаларындағы ынтымақтастықты әртараптандыру болашағы талқыланды.

Қазақстандық дипломат 2050 жылға қарай Қазақстанда баламалы және жаңартылатын энергияны пайдалану үлесін 50%-ға жеткізу  мақсатына өз үлесін қоса алатын "Air Liquide" компаниясының тұрақты даму саласындағы технологиялық инновациялары мен жинақталған тәжірибесінің маңыздылығын атап өтті.

Ф.Жаковтың айтуынша, ағымдағы жылдың сәуір айында компания "Қазмұнайгаз" ҰК-мен бірлесіп Атырау мұнай өндіру зауытына өндірістік техникалық газдарды жеткізу бойынша жобаны іске қосуды жоспарлауда. Жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі 86 млн. еуроны құрайды. Ұзақ мерзімді келісімшарт шеңберінде жыл сайын 200 млн. текше метрге дейін сутегі және 50 млн. текше метр азот өндіру жоспарлануда. Атқарушы вице-президент "Air Liquide" компаниясының климаттың өзгеруі мен энергетикалық алмасу мәселелеріне ерекше бейілділігін атап өтті. Оның айтуынша, француз тобы Қазақстан нарығындағы жобалар ауқымын кеңейту, тұрақты даму бағдарламаларына қатысу, сутегімен жүретін қоғамдық көлікті енгізу, сондай-ақ сұйытылған медициналық газдар өндірісін оқшаулау мүмкіндіктерін қарастыруда.

"Air Liquide" тобы (Эр Ликид) – өнеркәсіп, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау салалары үшін газ өндіру бойынша әлемдік көшбасшы, әлемнің 80 елінде 3,8 миллионнан астам тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Қызметкерлер штаты-шамамен 64 500 адам. Жалпы сату көлемі 2020 жылы 20 млрд.еуродан асты.

Air Liquide акциялары Париж қор биржасында (А санаты) бағаланады, компания CAC 40, EUROSTOXX 50 және FTSE4Good индекстеріне кіреді.