Шымкенттің экономикалық жобалары француз инвесторларын қызықтырды

Шымкенттің экономикалық жобалары француз инвесторларын қызықтырды

Шымкент-Париж, 2021 ж. 9 наурыз. Француздық серіктестерге арналған Қазақстан өңірлері презентацияларының инвест-марафоны аясында Шымкент қаласының әкімдігі мен «MEDEF» ірі бизнес қауымдастығы арасында онлайн-кездесу өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев, Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің тең төрағалары Айдан Кәрібжанов пен Ив-Луи Даррикаррер, сондай-ақ Францияның іскерлік топтарының 40-тан астам өкілдері, Шымкент қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің және «KAZAKH INVEST» АҚ басшылығы қатысты.

Шымкент қаласының әкімі өз сөзінде шетелдік инвесторлардың еліміздің үшінші мегаполисіне үлкен қызығушылығын атап өтіп, француз бизнесмендерін машина жасау, цифрландыру, жаңартылмалы энергия көздері, сауда, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты басым салаларда белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Вебинар қатысушыларына Шымкенттің инвестициялық әлеуеті, жаңа индустриялық алаңдарды одан әрі дамыту, цифрландыру және қалалық инфрақұрылымды жақсарту бойынша жоспарлар мен инвестициялық жобалар ұсынылды.

Қазақстан Елшісі экономикалық дипломатияның негізгі элементі ретінде орталықсыздандырылған ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, форум прагматизм рухында және өзара мүдделерді ескере отырып, стратегиялық әріптестікті кеңейту мен нығайту үшін жаңа идеяларды іздеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Диалог барысында француз тарапы қала басшысына Шымкент экономикасының түрлі салаларындағы ынтымақтастық перспективалары туралы бірқатар сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды. Атап айтқанда, «Shymkent City» жобасының құрылысына, қаланың индустриялық аймақтарына және «ескі Шымкент қалашығы» тарихи-мәдени кешеніне қызығушылық танытты. Француз компанияларының өкілдері қаланың инфрақұрылымын жасыл технологияларды пайдалана отырып дамыту және сутегіні қолданатын қоғамдық көлікті енгізу жобалары бойынша ынтымақтасуды ұсынды. 

Вебинар соңында әкім қаланың құрылымдық бөлімшелерінің француз компанияларымен барлық айтылған ұсыныстар мен Шымкент қаласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша тығыз диалогқа дайын екендігін білдірді.

Айта кету керек, Қазақстан өңірлерін таныстырудың инвест-марафоны ҚР Франциядағы елшілігінің бастамасымен және «MEDEF International» қауымдастығы мен «KAZAKH INVEST» АҚ қолдауымен өтуде. Бұған дейін француздық нысаналы компанияларға арналған презентациялар Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының инвестициялық әлеуеті бойынша ұйымдастырылған болатын.