
СТРАСБУРГ, 2021 жылғы 16 ақпан – Үлкен Шығыс (Франция) Өңірлік кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Жан-Люк Боль Қазақстан Республикасымен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін білдірді.
Тарихи дамыған Эльзас, Лотарингия, Шампан, Вогез аймақтарын қамтитын Үлкен Шығыс қуатты экономикалық әлеуетке ие. Автокөлік жасау, жоғары технологиялық машина жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдері және дамыған "жасыл экономика" жыл сайын өңірлік ЖІӨ-нің 150 млрд.евроға дейін өндіріп, Үлкен Шығысты Франциядағы жетекші позицияға шығаруда. Сондай-ақ 5,5 млн. халқы және Швейцариямен шамалас аумағы бар өңір әлемдік нарықтағы бәсекелестік артықшылықтарын сенімді түрде сақтап отыр.
Қазақстан Республикасының Страсбургтағы Бас консулы Әнуарбек Ахметов осы өңір басшылығының өкілін Мемлекет басшысы жүргізіп отырған Қазақстандағы ағымдағы жағдаймен, саяси бағытпен, сондай-ақ республиканың экономикалық әлеуетімен егжей-тегжейлі таныстырды.
Тараптар бірлескен жұмыс жоспарларын талқылап, ынтымақтастықтың неғұрлым перспективті бағыттары, яғни көліктік машина жасау, жаңартылатын энергетика, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, "жасыл экономика" және цифрландыруды айқындады.
Келіссөздердің мақсаты болашақта Қазақстанда және Үлкен Шығыста жаңа жұмыс орындарын құруға, олардың бәсекелестік артықшылықтарын нығайтуға мүмкіндік беретін ықтимал бірлескен жобаларды іздестіру болды.
Сонымен қатар, Жан-Люк Боль Қазақстанмен өңірлік деңгейде, әкімдіктермен және компаниялармен нақты және атаулы жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Мәселен, Арал теңізінің қалпына келтірілуіне мүдделі бола отырып, ол өңірдің қоршаған ортаны қорғау саласындағы тәжірибесін атап өтті.
Француз тіліне аударылған Абай шығармаларының жинағын сыйға алған Өңірлік кеңес төрағасының бірінші орынбасары қазақ философы мен ағартушысының шығармашылығына қызығушылық танытты.