
2021 жылы 03 ақпан, Париж – ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Жан Ғалиевтің Ұйымның бас директоры Одри Азулемен кездесуі өтті.
Кездесу аясында Елші ЮНЕСКО-ның Басшысына Ұлы Дала ұлының 175 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес БҰҰ-ның 6 ресми тіліне аударылған Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағын тапсырды.
Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне: ағылшын, араб, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз, жапон тілдеріне аударылған. Жинақты аудару және басып шығару үшін тәжірибелі және белгілі аудармашылар, сондай-ақ тиісті лингвистикалық аумақтар мен мәдениеттерді ұсынатын ең беделді баспа үйлері тартылды. Ауқымды жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жүзеге асырды.
О.Азуле Қ.-Ж. Тоқаевтың «Абай - рухани реформатор» мақаласын қызығушылықпен оқып шыққанын айтты және ақын, ағартушы және гуманисттің бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған ойларының даналығы мен ауқымдылығына тәнті болды. Сондай-ақ, бас директор Абай Құнанбайұлының әлемдік мұраға енген қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Аудармашылардың еңбегінің арқасында ұлы Абай шетелдік оқырманға жақынырақ және қол жетімді болды және әлемнің көптеген тілдерінде «сөйледі».
Сондай-ақ, Қазақстан Елшісі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріне «Сәукеле» сәндік панносын сыйға тартты, бұл дәстүрлі бас киім ежелден бері өзінің ашықтығы мен еркіндікке деген құштарлығымен сипатталатын қазақ қоғамындағы әйелдің құрметті рөлін бейнелейтінін атап өтті.
Бас директор «Сәукеле» Ұйым Хатшылығының мұражайында лайықты орын алады деп сендірді.