
Түркістан-Нант-Париж, 2021 ж. 3 ақпан. Өткен жылдың соңында басталған Қазақстан мен Францияның серпінді дамып келе жатқан өңірлері – Түркістан облысы мен Луара Жерлері арасындағы диалог екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге және нақты мазмұнмен толықтыруға ықпал ете отырып, жалғасуда.
Бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес және "Kazakh Invest "ҰК" АҚ қолдауымен ұйымдастырылған бейнеконференция барысында Түркістан облысы мен Луара Жерлері өңірі басшылығының, сондай-ақ мүдделі қазақстандық және француздық компаниялардың өкілдері екі тараптың экономикалық және инвестициялық әлеуетін ескере отырып, ауыл шаруашылығы және агроөнеркәсіптік секторлардағы өзара тиімді ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар, экономикалық дипломатия мен орталықтандырылмаған ынтымақтастық процестеріне белсенді қатысатын екі аймақтың көптеген байланыс нүктелері бар екендігі атап өтілді. Атап айтқанда, мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, жүзім шаруашылығы және шарап жасау, сүт және тамақ өнеркәсібі сияқты салалардағы конвергенция талқыланды.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен Луара Жерлері өңірінің Вице-президенті Лиди Бернар артықшылықты өңіраралық серіктестік орнатуға дайын екендіктерін растады. Бұл бастама 2020 жылдың қазан айында Қазақстан Елшісі Жан Ғалиевтің Нант, Анже қалаларына және Францияның батыс бөлігіндегі басқа да коммуналарға жұмыс сапары кезінде көтерілген болатын.
Бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижесі 2020 жылдың қараша айында Түркістан қаласының халықаралық туризм және меймандостық университеті мен Анже университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою болды.
Бұл жолы тараптар өңір басшыларының сапарларымен алмасып, көпсалалы ынтымақтастықты ілгерілету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдауға келісті. Сондай-ақ, Түркістан облысы делегациясының жоспарланған сапары аясында Нант қаласында ауыл шаруашылығы және агроиндустрия бойынша екінші қазақстан-француз форумын ұйымдастыру ұсынылды.