
2021 жылғы 28 қаңтарда Парижде ҚР Франциядағы Елшісі Жан Ғалиевтің «PCM Group» компаниясының басқарушы директоры Фредерик Гардпен кездесуі өтті.
Француз кәсіпорнының басшысы Ақтауда мұнай-газ секторы мен тамақ өнеркәсібіне арналған бұрандалы сорғылар өндірісін салу бойынша жобаға инвестиция салу ниетін растады. Оның айтуынша, өндірісті іске қосу 2021 жылдың екінші тоқсанында жоспарланып отыр. Жоба 30-ға жуық жұмыс орнын құруға, сондай-ақ ТМД-дағы компанияның өңірлік орталығы бола отырып, жоғары технологиялық өнімді көрші елдерге экспорттауға мүмкіндік береді.
Осы кезеңде Маңғыстау облысының әкімдігімен, «Kazakh Invest» АҚ-мен және «Ақтау теңіз порты» АЭА-мен оның аумағында PCM кәсіпорнын орналастыру, оның ішінде өндірістік объектінің құрылысына инвестиция салу туралы келіссөздер жүргізілуде. Кездесуде арнайы экономикалық аймақ аумағында болу инвесторға инвестициялық преференциялардың барлық спектрін пайдалануға мүмкіндік беретіні айтылды.
Кездесу қорытындысы бойынша, "PCM Group" басқарушы директоры үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Қазақстан Елшілігіне алғысын білдірді.