Еуропа Кеңесінің басшылығы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалайды

Еуропа Кеңесінің басшылығы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалайды

СТРАСБУРГ, 2021 жылғы 18 қаңтар - Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобының (ГРЕКО) Атқарушы хатшысы Ханна Юнкер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында көтерген бастамалары мен кешенді реформаларын құптады.

Қазақстандық дипломаттармен кездесу барысында жоғары қызметтегі еуропалық саясаткер Мемлекет басшысының сөз сөйлеуінде көрсетілген, құқықтық мемлекетті дамыту, азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту, сот жүйесінің тәуелсіздігі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жалғастыру жөніндегі бастамаларымен, сондай-ақ өткен парламенттік сайлаудың нәтижелерімен таныстырылды.

Х.Юнкер ҚР Президенті ұсынған адам құқықтарын қамтамасыз етуге, мемлекеттік аппарат жүйесін біртіндеп орталықсыздандыруға, оны жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған реформалар пакетін жоғары бағалап, бұл шешім қабылдау процесінің ашықтығы мен тиімділігі саласындағы ГРЕКО стандарттарына толық сәйкес келетінін атап өтті.

ГРЕКО өкілі Қазақстан Республикасының заң үстемдігін қамтамасыз ететін жоспарларының уақтылығын атап өтіп, ел басшылығына табыстар тіледі.

Тараптар сондай-ақ ГРЕКО аясындағы алдағы жұмысты және Қазақстанның Еуропа Кеңесімен ынтымақтастығын дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылап, екі-жақты тиімді әріптестікті одан әрі кеңейтуге өзара бейілділікті растады.

Анықтама: ГРЕКО - 1999 жылы Еуропа Кеңесі құрған халықаралық ұйым. ГРЕКО 50 мемлекетті біріктіреді, оның міндеті Еуропа Кеңесінің стандарттарын сақтау мониторингі көмегімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ұлттық деңгейде жетілдіру болып табылады. Қазақстан 2020 жылдың қаңтарынан бастап ГРЕКО мүшесі болып табылады.