
Париж, 2021 жылғы 21 желтоқсан – Орталықсыздандырылған ынтымақтастықты дамыту аясында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев Париж қаласы мэрінің халықаралық қатынастар және франкофония жөніндегі орынбасары Арно Нгатчамен және Франция астанасы мэрінің дипломатиялық кеңесшісі Поль-Давид Реньемен кездесті.
Тараптар экономика, мәдениет, білім беру және демократиялық даму салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Елші Қазақстанның, оның ішінде Нұр-сұлтан қаласының дамуының басым бағыттары туралы хабардар етіп, Парижбен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін, әсіресе экологиялық қайта құру, цифрландыру, көлік және туризм салаларындағы елеулі әлеуетті атап өтті.
Кездесуде жоғарыда аталған өзара іс-қимылдың барлық бағыттары енгізілуі мүмкін екі астана арасындағы достық пен ынтымақтастық туралы пактіге қол қою мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Вице-мэр аталмыш Келісім екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдіріп, олардың нығаюына жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ, 2021 жылы Париж қаласының мэриясы басшылығы мен іскер топтарының Нұр-сұлтанға сапарын пысықтау ұсынылды.
Вице-мэр Қазақстанның мәдени бастамаларына ерекше назар аударды. Тараптардың өзара пікірі бойынша, мәдениет халықтарды жақындастыруға, елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін үздік жолсерік болып табылады. Келесі жылы Парижде «Наурыз» мерекесі және Елшіліктің жыл сайынғы «Франциядағы Қазақстан күзі» жобасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Париж қалалық мэриясының өкілдеріне Абайдың 175 жылдығына орай француз тілінде жарық көрген ұлы қазақ ақыны шығармаларының жинақтары табыс етілді. А.Нгатча француз астанасының 16-ауданында орналасқан «ақындар саябағында» Абай бюстін орнату мүмкіндігі туралы ұсынысты назарға алды.