
СТРАСБУРГ, 2020 жылғы 10 желтоқсан – Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның төрағасы (Еуропа Кеңесінің Венецияндық комиссиясы) Джанни Букиккио Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Марапаттау рәсімі Еуропа Кеңесінің штаб-пәтерінде Адам құқықтары күні және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтті.
Еуропа Кеңесінің Венецияндық комиссиясының басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәуелсіздік күнімен жылы құттықтауларын және қазақ халқына ізгі тілектерін жеткізді. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына куә бола отырып, ұлттық заңнаманы реформалауға қатыса отырып, Дж.Букиккио ел басшылығы жүргізіп отырған ішкі саяси бағытқа, сондай-ақ ҚР Жоғары конституциялық және сот органдарының қызметіне жоғары баға берді.
Сонымен қатар, Венецияндық комиссияның жоғары лауазымды өкілдері Томас Маркерт, Сергей Кузнецов және Шнуц Дюрр «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Дж.Букиккио Венецияндық комиссияның тарапынан Қазақстан әрдайым елдің демократиялық қалыптасуына ықпал ететін сенімді досы мен серіктесін көре алатынын атап өтті.
Венецияндық комиссиясының өкілдері ҚР-дағы ағымдағы ішкі саяси және әлеуметтік реформалармен, сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің «Адам құқықтары – жаһандық және ұлттық басымдық» атты мақаласымен танысты.
Анықтама: Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссия (Еуропа Кеңесінің Венецияндық комиссиясы) ЕК жанындағы конституциялық құқық бойынша консультативтік орган және адам құқықтарын қорғау саласындағы негізгі сараптамалық институт болып табылады. 2012 жылдан бастап Қазақстан толыққанды мүше бола отырып, алдыңғы қатарлы шетелдік құқықтық технологияларға қол жеткізуде. Венецияндық комиссиясының ұсыныстары ұлттық заңнаманы әзірлеу кезінде қолданылады.