Қазақстан мен Францияның туризм университеттері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Қазақстан мен Францияның туризм университеттері арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Түркістан-Париж-Анжэ, 23 қараша. Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен Халықаралық туризм және меймандостық университеті (Түркістан қ., Қазақстан) мен Анжэ университеті (Луара Жерлері өңірі, Франция) арасында ынтымақтастық туралы келісімге онлайн қол қою рәсімі өтті.

 

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі жанындағы туризм, шетелдегі француз азаматтары мен франкофония мәселелері бойынша Мемлекеттік хатшы Жан-Батист Лемуан, Франциядағы ҚР Елшісі Жан Ғалиев, Луара Жерлері өңірі Префектісінің дипломатиялық кеңесшісі Жан-Ив Ру, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Майнюра Мырзамадиева, Анжэ университетінің ректоры Кристиан Робледо, сондай-ақ, Анжэ қаласының басшылығы, екі елдің сыртқы саяси ведомстволары мен Елшіліктерінің қызметкерлері қатысты.

 

Іс-шараны ашқан Елші Ж. Ғалиев екі ел арасындағы туризм мен білім беру саласындағы ынтымақтастық - стратегиялық серіктестігіміздің басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті.

ҚР Мәдениет және спорт Вице-министрі Қазақстанның туристік саласын дамыту мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі - сала мамандарын даярлау болып табылатынын хабарлады. Осы орайда, жоғары білікті кадрларды дайындаудың жеті ғасырлық тарихы бар Анжэ университетінің тәжірибесі Түркістандағы жаңа оқу орны үшін өте маңызды болып табылады.

 

Өз кезегінде, француз Мемлекеттік хатшысы қазақстандық Елшіге көтерген бастамасы үшін алғысын білдіріп, қол қойылған Келісім екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің одан әрі жақындасып, кеңеюіне ықпал ететініне сенім білдірді.

Келісімге халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры - басқарма төрайымы М. Мырзамадиева мен Анжэ университетінің ректоры К. Робледо қол қойды.

 

Құжат білім беру, тәжірибе алмасу және зерттеулер жүргізу мақсатында студенттермен, профессорлық-оқытушылық құраммен алмасуды, сондай-ақ туризм индустриясы мен қонақжайлылықты дамыту саласында бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізуді көздейді. Болашақ мамандар үшін тілдік курстар өткізу мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Іс-шара аясында орталықсыздандырылған серіктестік аясында қарқынды дамып келе жатқан екі аймақ – Түркістан облысы мен Луара Жерлері өңірі арасындағы ынтымақтастықтың кең спектрін талқылау туралы келісім бекітілді.