Қазақстан мен Монако экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін талқылауда

Қазақстан мен Монако экономикалық ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін талқылауда

2020 жылғы 16 қарашада өткен «Қазақстан-Монако» инвестициялық вебинарына Князьдіктің іскерлік топтарының, екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен даму институттарының жүзге жуық өкілдері қатысты.

 

Іс-шараның бастамашылары Қазақстан Республикасының Елшісі Жан Ғалиев пен Монако Княздігінің Елшісі Эвелин Жента сөз сөйлеп, жиналғандарға 2009 жылы дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және кеңейту үшін қомақты негіз қалыптасқанын атап өтті.

Қазақстандық дипломат екі елдің бизнес өкілдері арасындағы өзара тиімді серіктестік үшін ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударды.

 

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ инвестициялар тарту және маркетинг департаментінің директоры Жандос Темірғали Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырып, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді. «Біз Монакодағы әлеуетті инвесторларға біздің толық қолдауымызбен түрлі секторлардағы нақты жобаларды ұсынуға дайынбыз. Бүгінгі таңда агробизнес, тау-кен өнеркәсібі және металлургия, мұнай-химия, машина жасау және туризм сияқты секторларда 100-ден астам инвестициялық жобалар ұсынысы бар. Инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі көпдеңгейлі болып табылады және түрлі салалық жеңілдіктерді қамтиды, ал инвестициялық шарт инвестициялық жобалар үшін негізгі салықтардан босатуды көздейді», - деп атап өтті Ж.Темірғали.

 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігінің басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетовтың, «жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Жанна Қазжанованың, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасовтың және «Самұрық – Қазына «ҰӘҚ» АҚ Басқарушы директоры Ержан Тұтқышевтың баяндамалары да Монако тарапының қызығушылығын тудырды.

 

Өз кезегінде «Monaco Economic Board» Экономикалық кеңесінің Бас директоры Гийом Роз, сондай-ақ оның орынбасары Джастин Хаймэн және Монако қаржы қызметі қауымдастығының нарықты ілгерілету жөніндегі комиссиясының президенті Эрве Ордиони өз еліндегі экономикалық жағдайға шолу жасады. Инкубатор/акселератордың қызметі туралы «Monaco Tech» Бас директоры Лионель Гальфре айтып берді.

 

Спикерлер Монаконың Қазақстанмен ынтымақтастықты белсенді жандандыруға дайындығын атап өтті. Форум аясында Князьдіктің бизнес-қоғамдастығы серіктестік үшін әлеуетті бағыттарды айқындау мақсатында Қазақстан экономикасының агроөнеркәсіптік, туристік және басқа да салаларын дамытуға белсенді қызығушылық танытты.

 

Монако Экономикалық кеңесінің бас директоры санитарлық шектеулерді алып тастап, шекараны ашқаннан кейін бизнес делегацияның Қазақстанға келу ниеті туралы хабарлады. Сондай-ақ Князьдіктің іскер топтары 2021 жылдың жазынан бастап екі бағытта да туристік ағынды ұлғайту үшін Нұр-сұлтан (немесе Алматы) мен шекара маңындағы Ницца арасында тікелей маусымдық әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

 

Вебинар қатысушылары атап өткендей, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі басым бағыттары жаңартылмалы энергетика, туризм, қаржы технологиялары және медицина болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанда осы салалардың дамуына ықпал ететін «жұмсақ» инфрақұрылым және заңнамалық база құрылған.

Вебинарды екі елдің дипломатиялық өкілдіктері, «Monaco Economic Board» және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырды.