Жаңа инвесторларды тарту мен орталықтандырылмаған ынтымақтастықты дамыту мақсатында, 26-27 қазанда Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев жұмыс сапарымен Францияның батысындағы Пэи-де-ла-Луар (Луар Жері) аймағында болды.
Еуропаның инновациялық астанасы (Нант) мен Францияның «ең жасыл» қаласына (Анжэ) сапар аясында аймақ басшылығымен кездесулер өткізілді, сондай-ақ біздің елмен ынтымақтастыққа мүдделі бизнес, мәдениет және академиялық орта өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Аймақ өкілдері агроөнеркәсіптік кешен, соның ішінде тамақ өнеркәсібі, мал шаруашылығы, шарап жасау, сондай-ақ қала экономикасындағы ақылды қала және жасыл технологиялар, мұнай және тамақ өнеркәсібіне арналған жабдықтар шығару бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға үлкен қызығушылық танытты.
Аймақтың Сауда-өнеркәсіп палатасында ұйымдастырылған форумда сөйлеген сөзінде қазақстандық елші жүзеге асырылып жатқан экономикалық жобалар, инвесторларды қолдау шаралары, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) алаңында берілген кең мүмкіндіктер туралы айтты.
«Келіссөздерден кейін Қазақстан бізге тартымды аумақ болып көрінеді, ол жаққа барудың мәні бар, және біздің көптеген кәсіпкерлер тек экспорт туралы ғана емес, сонымен қатар өз өнімдерін Қазақстанда ашу туралы ойлауда», - деді Халықаралық Батыс клубының президенті Брюно Вуазар.
Cанитарлық дағдарысқа қарамастан, аймақтағы компаниялар әлемдік нарықтағы қатысуын кеңейтуге дайын және өте оптимистік көзқараста екенін атап өткен жөн. Осылайша, келіссөздер нәтижесінде «PCM Europe SAS» компаниясы Ақтауда мұнай-газ секторы мен тамақ өнеркәсібі үшін бұрандалы сорғылар өндірісін салу жобасына алдағы 5 жылда 5 миллион еуроға дейін инвестиция салуға ниетті екенін ресми мәлімдеді. Жоба 2021 жылы іске қосылып, 30-ға жуық жұмыс орнын ашуға, сонымен қатар көршілес елдерге жоғары технологиялық өнімді экспорттауға мүмкіндік береді.
Сапар барысында Анжэ университеті мен ESTHUA туризм мектебінің басшылығы қазақстандық университеттермен жан-жақты серіктестікке деген қызығушылықтарын растады. Атап айтқанда, Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетімен ынтымақтастық орнату туралы келісім жасалды. Сондай-ақ, Анжэ қалалық әкімшілігінің кітапхана қорына және университеттерге Абайдың 175 жылдығына орай шығарылған қазақтың ұлы ақынының француз тіліндегі шығармаларының жинақтары тапсырылды.
Талқылау барысында ауылшаруашылығы үшін қолайлы климатымен және құрылыс, туризм және білім беру салаларында қарқынды дамуымен ерекшеленетін Луар Жері аймағы мен Түркістан облысы арасында артықшылықты серіктестік құру идеясы пайда болды. Француз аймағының вице-президенті Поль Жанто бұл идеяны қолдап, жақын арада екі облыстың мүдделі компанияларының алғашқы онлайн кездесуін өткізуді ұсынды.
Сонымен қатар, 2021 жылдың қыркүйек-қараша айларында «Франциядағы Қазақстан күзі» төртінші маусымы аясында Нант пен Анжэде мәдени іс-шаралар өткізу туралы келісім жасалды.