
Экономикалық дипломатия және орталықсыздандырылған серіктестікті дамыту аясында 23-24 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев Еуропаның ғарыш астанасы - Тулуза қаласында (Окситания аймағы) сапармен болды.
Сапар барысында аэрокосмостық индустрия, авиация құрылысы, автономды көлік саласындағы стартап және интернет заттарын дамытуға мамандандырылған компаниялардың ірі өндірістік топтарымен кездесулер өтті.
Кездесулерде Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалармен қоса, технологиялар трансферті, тәжірибе, инвестициялар тарту, сондай-ақ біздің елде жұмыс орындарын құруға бағытталған жаңа ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Елші француз бизнесі өкілдеріне өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту үшін әлеуетті мүмкіндіктер призмасы арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында көрсетілген Қазақстанды жаңғыртудың негізгі мақсаттары мен міндеттерін таныстырды. Атап айтқанда, компаниялар жаһандық цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен, оның ішінде жүзім өсіру, сондай-ақ медицинаны жақсарту жобаларына қызығушылық танытты.
Француздық ғарыш индустриясының ірі өкілі «Thales Alenia Space»-тің вице-президенті Рияд Камунмен келіссөздер кезінде жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ), бұлтты деректер орталығы суреттерін өңдеу саласындағы жаңа шешімдер және жергілікті сараптаманы тарта отырып, Қазақстанда деректерді өңдеудің осындай әдісін құру әлеуеті ұсынылды. Кейіннен бұл жоба отандық мамандарға экономиканың әр түрлі салаларында қолданылатын қашықтықтан зондтауға арналған бағдарламалық қамсыздандыруды өз бетінше жасауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде «Airbus» Еуропалық бөлімінің бастығы Вутер Ван Верш топтың екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған ынтымақтастық туралы көзқарасымен бөлісті. Қазақстан елшісі Airbus өкілдеріне осы жылдардағы тығыз серіктестігі үшін алғысын білдіріп, бәсекеге қабілетті нарықта инвестициялық қызметті кеңейтуге және жергілікті қамтуды нығайтуға ұмтылып, жүзеге асырылған жобалармен тоқтамауға шақырды.
Аймақ компанияларына Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ нарығына кіру перспективаларымен Қазақстанда жұмыс істеудің артықшылықтары ұсынылды. Окситания аймағының Сауда-өнеркәсіп палатасында ұйымдастырылған форумда сөз сөйлеген елші инвесторларды қолдау шаралары, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығында (AIFC) ұсынылған кең мүмкіндіктер туралы айтты.
«Maison Samaran» шұжықтар мен фуа-гра шығаратын зауытына барған кезде, Қазақстанда компанияның өнеркәсіп алаңын ашу мүмкіндігі талқыланды.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынын арттыру туралы пікір алмасу Окситания префектісі Этьен Гюйомен (Франция президентінің аймақтағы өкілі) және Ұлттық Ассамблеядағы «Франция-Қазақстан» парламенттік достық тобының төрағасы Пьер Кабаремен болған кездесуде жалғасты.
Окситания алдыңғы қатарлы тәжірибе жинақтаған авиациялық, медициналық және құрылыс секторларындағы білім беру және кадрларды даярлау саласындағы байланысты нығайтуға ерекше назар аударылды.
Келесі жылы Тулузада қазақ мәдениетін таныстыру үшін бірқатар іс-шаралар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.