Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшісі Жан Ғалиевтің Окситания аймағына жұмыс сапары француз макизарлары қатарында соғысқан және Еуропаны фашистік басқыншылардан азат ету жолында жанын қиған қазақстандық жауынгерлердің құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.
Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орайластырылған еске алу шарасына Тарн департаментінің префект орынбасары, Бас хатшы Мишель Лабори, Бесінші Республика Парламентінің төменгі палатасындағы «Франция-Қазақстан» достық тобының төрағасы Пьер Кабаре және әскери қорым орналасқан Жуквиель коммунасының мэрі Моник Кастэ-Дебар қатысты.
Екі елдің әнұраны орындалғаннан кейін депутат өзінің алғысөзінде: «Бүгін біз 4214-ші полктің қазақстандық сарбаздарын еске алу үшін жиналдық, олар 1944 жылдың 6 тамызында Францияны фашистік басқыншылықтан босату үшін жанын қиды. Айырмашылықтарына қарамастан әрбір сарбаз бостандық үшін ортақ күресте өз батылдығын көрсеткенінің арқасында біз бүгін еркін әлемде өмір сүріп жатырмыз. Демократия бостандықтың игілігіне үнемі қызмет етуі керек. Ол үшін бізді қорғайтын және осы мақсатқа қызмет ететін заңдар бар. Ержүрек жауынгерлерге мәңгілік естелік!» – деп атап өтті.
Өз кезегінде коммунаның мэрі: «Егер тарих игіліксіз және ұмытшақ болса, онда сіздердің жауынгерлеріңіздің ерлігі ұмытылмағанын бүгінгі күн растайды деп сенеміз. Коммунаның барлық тұрғындары атынан алғысымыз бен ризашылығымызды білдіргім келеді!» - деді.