Еуропа Кеңесінің басшылығы Қазақстан Президентінің бастамаларын құптайды

Еуропа Кеңесінің басшылығы  Қазақстан Президентінің бастамаларын құптайды

СТРАСБУРГ, 2020 жылғы 21 қыркүйек - Еуропа Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Габриелла Баттаини-Драгони Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген жаңа бастамаларға, ішкі саяси және әлеуметтік реформаларды құптады.

Қазақстандық дипломаттармен кездесу барысында жоғары лауазымдағы еуропалық саясаткер «халық үніне құлақ асатын, әділ мемлекет» қалыптастырудың, елдегі заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі жалғастыруға деген ортақ көзқарастың маңыздылығын атап өтті.

Г.Баттаини-Драгони Қазақстан қабылдаған бағыт жалпы Еуропа Кеңесінің рухына сәйкес келетінін және біздің елмен, әсіресе сот төрелігі органдары мен прокуратураны реформалау саласындағы табысты ынтымақтастықтың көрінісі болып табылатынын жеткізді.

Кездесуге қатысқан Еуропа Кеңесінің сарапшылары – Бағдарламалар директоратының басшысы Верена Тэйлор мен Сыртқы байланыстар жөніндегі директораттың жетекшісі Золтан Таубнер Қазақстан жүргізіп жатқан реформалар, елдің негізгі халықаралық-құқықтық нормалар мен стандарттарға бейілділігін көрсететінін атап өтті. Бірқатар бағдарламалар мен жобалар бойынша Еуропа Кеңесімен ынтымақтастықтың одан әрі дамуына үміт білдірді. Қазақстанның өлім жазасын толық жоюды көздейтін азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің Екінші факультативтік хаттамасына қосылу ниетін қошеметтеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевпен Женевада халықаралық күн тәртібінің кең ауқымы бойынша жемісті жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Еуропа Кеңесінің басшылығы Қазақстан Президентіне одан әрі табыс тілеп, Ұйыммен ынтымақтастықтың нығая түсетініне сенім білдірді.

Анықтама: Қазақстан Еуропа Кеңесімен осы ұйымның мүшесі болмай, 1997 жылы ынтымақтастық орнатты. Сонымен қатар, ҚР Венеция комиссиясының (құқықтық мемлекетті қалыптастыру) және ГРЕКО-ның (сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес) толық қатысушысы болып табылады, үш комиссияда (сот төрелігі және прокурорлардың қызметі бойынша) бақылаушы мәртебесіне ие, сондай-ақ төрт конвенцияға (жоғары білім беру, мәдениет, салықтық және қаржылық реттеу саласындағы ынтымақтастық бойынша) қосылды. Сондай-ақ, белсенді өзара іс-қимылды қазақстандық депутаттар Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы желісі бойынша жүзеге асыруда.