GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Елшілік туралы
Консулдық мәселелер
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Все материалы
24 сентября 2026
Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жариялау туралы
2026 жылғы 24 қыркүйек

Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жариялансын.

 

Қазақстан Республикасының

Президенті                                                                                                                                                             Қ.Тоқаев

 

Астана, Ақорда, 2026 жылғы 24 қыркүйек

              № 334

28 июля 2026
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру туралы ақпарат

Құрметті Қазақстан Республикасының азаматтары!

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді.

Канада аумағындағы Қазақстан Республикасы азаматтары ҚР-дың Канададағы Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Сайлау учаскесінің мекенжайы: 150 Metcalfe Street, 7th floor, Ottawa, ON K2P 1P1

Дауыс беру уақыты: 2026 жылғы 23 тамыз,сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін.

Сайлаушылар тізіміне енгізу үшін төмендегі сілтеме арқылы алдын ала тіркелуіңізді сұраймыз: https://forms.gle/ZgUJERvtxhEN1p8g8

Дауыс беру күні өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжатын алып келу қажет (паспорт немесе жеке куәлік).

Канададағы барлық ҚР азаматтарын Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға шақырамыз!

Сұрақтар бойынша consul.ottawa@gmail.com электрондық поштасына немесе +1 613 695 86 23 телефон нөміріне хабарласуға болады.

01 июля 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі

Қымбатты отандастар!

Қадірлі депутаттар және Үкімет мүшелері!

Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз.

Ертең Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді.

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды.

Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ.

Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды. Парламент – мемлекетіміздің басты өкілді органы, қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды.

Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар.

Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы.

Халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанын көріп, біліп отырсыздар. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр. Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін.

Бірақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет.

Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз.

Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттіміз. Бұл – аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет.

Былтырғы Жолдауымда Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанымды білесіздер. Еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты. Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз. Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн. Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет.

Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек.

Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын.

БІРІНШІ. Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру.

Әлгінде айтып өткенімдей, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар. Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын» деп еш ұялмай айта алады.

Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті. Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өзгертетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп бердіңіздер.

Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады. Нәтижесінде мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болды.

Жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады.

Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді.

Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады. Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр.

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді.

Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін.

Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parlament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет.

Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек. Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді.

Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.

Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады.

Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады.

Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті.

Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек. Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастырды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз. Ал реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет.

ЕКІНШІ мәселе. Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру.

Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет. Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық. Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады.

Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі.

Инфляция бағамы төмендеді: биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек. Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды.

Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты.

Елімізде көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр. Тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса мән беруде. Осы мақсатқа қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жалпы, Қазақстандағы жұмысқа жарамды азаматтардың жартысына жуығы табысын шағын және орта бизнестен тауып отыр. Соңғы бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жетті. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласына тиесілі. Мұны рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданды. Стратегиялық маңызы айрықша салаларды ретке келтіру үшін қабылданған құжаттардың маңызы зор.

Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды.

Біз қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық беріп келеміз. Биыл шалғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады.

Мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылды. Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен «ұзақмерзімді» қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ықпал еткені сөзсіз.

Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Озық технологиялар саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе, отандық фармацевтика бағытында біраз жетістіктеріміз бар. Фармацевтика индустриясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды. Алайда, бұған мәз болып отыра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақсаттарға міндетті түрде жетуіміз керек.

Мен осыған дейін елімізде жаңа ивестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы экономикамызды әртараптандыруды көздеп отырмыз. Әртараптандыру, яғни, диверсификация дегеніміз, бұл – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты. Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз.

Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның маңызы зор. Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңнамалық актінің әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн.

Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразиядағы технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді. Кең байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (Ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады.

ҮШІНШІ міндет. Еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту.

Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Бұл маңызды үштаған кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да негізгі тірегі саналады. Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды болмаған ауқымдағы Ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Артық шығынға әкеп соғатын тиімсіз «әрлеу, яғни жөндеу» тәсілінен бас тартып, өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық нысандар мен жүйелерді түбегейлі жаңғырту жұмысы жүргізілетін болды.

Қазақстанның энергетикалық балансында көмір, мұнай, газ секілді отын түрлері басым. Көмірсутегі ұлттық экономиканың негізін құрап, бюджетке валюталық түсімнің қомақты бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әкелуімен қатар қалаларымыз бен ауылдарымызды қамтамасыз ететін бағасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекендерге газ құбырын тартуды жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Көгілдір отынмен қамту көрсеткішін (қазір 65 пайызға жуық) 80 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды.

Үкімет дәстүрлі қуат көздерімен бірге «жасыл» энергетикаға баса мән беріп отыр. Оның энергетикалық теңгерімдегі үлесі 7 пайызға жетті. Қарқынды өсіп келе жатқан экономиканы қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Осы орайда, олардың кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздері есебінен жүзеге асырылмақ. Әйтсе де пайдалы қазбаларымыз, соның ішінде көмірдің мол қоры – табиғат сыйлаған артықшылығымыз саналады. Мұны толық пайдалануымыз керек. Сондықтан биыл наурыз айында Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қабылданды.

Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін технологияларды пайдаланатын үш жылу электр станциясын салуымыз керек. Мұны созуға болмайды. Әйтпесе істен гөрі сөз көбейіп кетті.

Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша көшбасшы және ядролық инфрақұрылымы бар ел саналады. Сондықтан атом генерациясын өте дұрыс таңдадық. 2024 жылғы тарихи референдум кезінде халық қабылдаған шешім, шын мәнінде, өркениетті сипатқа ие. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі, қуатты көп тұтынатын келешек цифрлық экономиканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр станциясының құрылысы басталады.

Біз еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан, бәсеке күшеюде.

Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады.

Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек.

Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек.

Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз.

Біз аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде авиаотынға қатысты мәселелерді толық шешуге мүмкіндік беретін мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Бұл – аса маңызды және шұғыл міндет.

Бәріңізге мәлім, мен жақында Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақтың басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне баса мән берілді. Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асты. Бұл, негізінен, теңіз тасымалын дамыту және порт инфрақұрылымын жаңғыртудың арқасында мүмкін болды.

Әрине, Парламент тарапынан жасалған заңнамалық қолдау осы саланың қарқынды дамуына күшті серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері көлік-логистика секторын жан-жақты дамытуға бағытталған 8 заң қабылданды. Бірқатар халықаралық келісім де ратификацияланды. Осындай нақты шараларды қабылдау арқылы Қазақстан аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ. Сондай-ақ еліміз алдағы уақытта аймақтағы жетекші көлік-логистика торабы ретінде жоғары қарқынмен дамитын болады. Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет. Жалпы, біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар: бұл – кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Ең алдымен, бұл – негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек. Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз.

Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек.

ТӨРТІНШІ. Алдымызда толыққанды цифрлық мемлекет құру міндеті тұр.

Сіздерді тыңнан түрен салып, цифрлық дәуірге жол ашқан депутаттар деуге болады. Біздің елімізде болсын, әлемде болсын – жалпы еш жерде жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болған жоқ. Соған қарамастан, сіздер еліміздің осы саладағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қостыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жоғары бағалаймын.

Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты. Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біз қазірдің өзінде осы жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз.

Бүгінде еліміз «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексіне» сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Мен бұл құжатты маусым айының басында бекіттім.

Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңызды шаралар қолға алынды. Мен қаңтар айында банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойдым. Сол арқылы цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізудің нақты шарттары айқындалды.

Сондай-ақ менің тапсырмаммен еліміздің құқықтық негізін жүйелеп, толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылды. Бұл қадам кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдетпек. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «e-Government Business» экожүйесін дамыту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туады.

Еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалады. Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифрлық кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен сегіз есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл – еліміздегі бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызы.

Мұның бәрі азаматтарымыздың цифрлық жүйелерге деген сенімі жоғары екенін және олардың тұтынушылық мәдениеті өзгере бастағанын көрсетеді. Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін мемлекет тиісті инфрақұрылымды үздіксіз дамытып отыруы керек. Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллект жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластырды. Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын.

Шын мәнінде, қазір Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық дербестігінің іргесі қаланып жатыр. Бұл ретте ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бастап даярлауға кірістік. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанынан екі инновациялық мектеп ашылды. Осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл – аталған салаға маман даярлайтын Орталық Азиядағы тұңғыш арнаулы оқу орны болмақ.

Цифрлық трансформация дегеніміз – жоғарыдан төмен қарай барлық басқару тармақтарын, тіпті халықтың басым бөлігін қамтитын ашық әрі қарқынды үдеріс. Қазірдің өзінде жоғары лауазымды басшылардан бастап ауыл әкімдеріне дейін он мыңдаған мемлекеттік қызметші осы салалық білім беру бағдарламасына қатысып жатыр. Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Әдеттегі бюрократиядан арылып, тиімділігі жоғары «Мемлекет-платформа» (GovTech) сервистік парадигмасына батыл түрде көшуіміз қажет. Түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру.

БЕСІНШІ мәселе. Бұл – адам капиталын дамыту.

ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар: бұл – адам әлеуетінің сапасы.

Сондықтан біз әлеуметтік салаға бірден-бір стратегиялық бағыт ретінде қараймыз. Бүгінде мемлекет азаматтарды жан-жақты дамытуды көздейтін негізгі салалардың барлығына қомақты қаражат бөліп отыр. Соның ішінде ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық, спорт және әлеуметтік қолдау саласын ерекше атап өткен жөн. Биылдың өзінде осы стратегиялық мақсатқа 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет бюджетінің жартысынан көбі деген сөз.

Расында, Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі. Осы орайда, Парламенттің әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамда әділдік қағидатын орнықтыруға ерекше үлес қосқанын атап өткен жөн. Бірақ біз мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек: шынайы әділеттілік дегеніміз ел игілігін бәріне бірдей бөліп бере салу емес. Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз. Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты.

Парламенттің «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды қабылдауы – осы қағидаттың нақты көрінісі. Аталған Заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қазірдің өзінде осы қаржының жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалды. Соның есебінен 450 аса маңызды әлеуметтік және коммуналдық нысан салынды.

Біз арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды. Сондай-ақ біз қамқорлық шараларының нақты жалғасы ретінде «Келешек» жинақтау жүйесін іске қостық. Дарынды балаларға, соның ішінде халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жүйелі түрде қолдау көрсете бастадық. Болашаққа инвестиция салу дегеніміз де – осы. Ал, айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаражатты бөліп беріп жатыр? Жауап белгілі сияқты.

Біз қазір білім экономикасы үстемдік құрған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Осындай кезеңде технологиялық дербестігімізді күшейте түсу үшін ғылым саласын және жоғарғы мектеп жүйесін дамытуға баса назар аударуымыз қажет. Соған сәйкес біз еліміздегі университеттерді жаңғырту жұмысын қолға алдық. Бұдан бөлек, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр.

Өздеріңіз мақұлдап, қабылдаған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғылыми инфрақұрылымды жақсартып, жас ғалымдарға мол мүмкіндіктер беруге зор ықпал етуде. Жалпы, алдымызда ғылым деңгейін, оның тиімділігін барынша көтеруге қатысты маңызды мақсат тұр.

Әрине, кез келген ұлттың зияткерлік әлеуеті сол елдегі орта білімнің деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Соңғы үш жылда республика бойынша 584 заманауи мектеп салынды. Әрбір үшінші мектеп инновациялық үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерді. Биыл тағы 84 мектеп ашылады. Оның жартысынан көбі ауылдық жерлерде салынып жатқанын атап өту қажет.

Отандық медицина саласы да дамып келеді. Жалпы, 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан осы аймақта көш бастап тұр. Бұл ел дамуының нақты көрінісі екені сөзсіз.

Азаматтардың бәріне сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық медициналық көмек алуға кепілдік берілген. Бұдан бөлек, отандастарымызға нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі ең жоғары технологиялық медициналық ем-шаралардың барлығы қолжетімді.

Сонымен қатар қоғамға қызмет ету жолын таңдағандардың алаңсыз еңбек етуіне лайықты жағдай жасап жатырмыз. Нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыра береміз. Мұғалімдердің, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты.

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің көп деңгейлі жүйесі жолға қойылған. Бұл көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Көмек «Отбасының цифрлық картасы» технологиялық шешімі арқылы көрсетіледі.

Парламент депутаттарының табандылығы арқасында зиянды өндірісте еңбек ететіндердің мәселесі шешілді. Бұл жиі көтеріліп, әбден жауыр болған түйткіл еді. Енді өндіріс еңбеккерлері арнайы әлеуметтік төлем алуға, 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін жеңілірек жұмысқа ауысуға заң жүзінде қақылы.

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға, ойынқұмарлыққа, есірткі қылмысына және кибералаяқтыққа қарсы күрес шараларына қатысты қабылданған заңнамалық шешімдеріңіз жұртшылықтың кең қолдауына ие болды.

Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – жоғары конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Қашанда жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет.

Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек.

Жалпы, мемлекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Бұл тағылымды іске депутаттар корпусы – сіздер де зор үлес қостыңыздар. Әрине, сіздер атқарған ауқымды жұмыстың мән-маңызын бір ғана жиынның аясында жеткізу мүмкін емес.

Парламент мен атап өткен заңнамалық жұмыстан бөлек, көптеген өзекті мәселені айрықша назарда ұстады. Сегізінші шақырылым депутаттары Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдады. Сондай-ақ 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізді. Қос палатаның комитеттері белсенді әрі жемісті жұмыс істеді.

Бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкен соң заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып, құрылғаны жөн. Осы жылдар ішінде депутаттық корпус азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс жүйесін қалыптастырды. Атап айтқанда, партия жобаларын табысты жүзеге асырды. Сондай-ақ тұрақты түрде аймақтарға барып, жұртшылықпен кездесіп отырды. Қоғамдық қабылдаулар кезінде азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, өзекті мәселелердің шешім табуына ықпал етті.

Парламент беделді ғалымдарды, байыпты сарапшыларды және қоғам белсенділерін ортақ мүддеге біріктірген орталыққа айналды. Сенат жанындағы сарапшылар клубы мен Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата осы бірегей зияткерлік экожүйенің берік тірегі болды. Бұл құрылымдар сындарлы диалогті дамытып, заң жобаларын жан-жақты талдауға жол ашты.

«Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды. Депутаттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты. Парламенттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орнығып, ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айнала бастады.

Сонымен қатар Парламент депутаттары Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосты. Сол арқылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті. Депутаттар парламентаралық ассамблеялардың, шетелдік сапарлар мен форумдар аясында шетелдік әріптестерімен және жаһандық институттармен сенімді әрі нәтижелі байланыс орната білді. Осы тұста Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жұмысын айрықша атап өту қажет. Беделді диалог алаңының хатшылығы ұзақ жыл бойы Сенат аясында табысты жұмыс істеп келді.

Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және институционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс. Еліміздің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың негізгі мақсаты – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу. Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін.

Құрметті депутаттар!

Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоямын. Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс.

Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтармыз елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін.

Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды. Осындай маңызды сәтте мен тағы бір мәрте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Себебі сіздер мемлекетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер.

Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын.

Сондай-ақ бүгін мен «AMANAT» партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын. Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер. Саяси ұйымның таяуда өткен съезінде «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл тарихи шешімді қолдаймын. Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз.

Түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!

Қазақ елі мәңгі жасасын!

18 июня 2026
Халықаралық серіктестерге діндердің климат мәселесіндегі рөлі мен жасанды интеллект этикасына арналған жобалар таныстырылды

Астана, 2026 жылғы 1 маусым

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді. Іс-шара барысында халықаралық серіктестерге «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» тақырыбындағы екі ірі жобаның құжаттары таныстырылды.

Конференцияға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Аргентина, Таиланд, Солтүстік Македония және Үндістанның беделді діни қайраткерлері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Талқылаудың негізгі арқауы – «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» және 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мәселелері болды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов өз сөзінде мемлекет пен конфессиялар арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық модель аясында азаматтық бейбітшілікті нығайту үшін зайырлы институттар мен діни бірлестіктердің тең құқылы серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын және бұл ең тиімді тәсіл екенін алға тартты.

Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай діни дипломатия әрбір қақтығысты шеше алмаса да, ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің өзінде диалогты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде ол 2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен VIII Съезді келтірді. Таяу Шығыстағы жағдай аса сезімтал кезеңде өткен жиында иудей және мұсылман өкілдері бір үстел басында отырып, өз жұмыстарын жалғастыра алған.

Басқарма төрағасы Г. Қожабай бүгінде рухани дипломатия нақты іс-қимылдарға көшуі тиіс екенін алға тартты. Атап айтқанда, ол жасанды интеллектке арналған этикалық қағидаларды қалыптастырудан бастап, климаттың өзгеруі сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дейінгі бағыттарды қамту қажеттігін жеткізді. Осы мақсатта Орталық әзірлеген «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты екі жобаға ерекше тоқталды.

Аргентина Ахмадия мұсылман қоғамының президенті Марван Сарвар Гилл ислам дәстүріндегі бейбітшіліктің әмбебап сипатына назар аударды. Ол Мұхаммед пайғамбардың іліміне сүйене отырып, адамның қадір-қасиеті нәсіліне, ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты болмауы тиіс екенін, ал бейбітшілік таңдаулы сипатқа ие болмауы керектігiн атап өтті. Оның сөзінше, мұндай ұстаным жаһандық қауіпсіздіктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Дінтану кафедрасының профессор міндетін атқарушысы Юлия Шаповал цифрлық радикализмнің күшеюіне ерекше назар аударды. Ол діни және сарапшылық қауымдастықтар жаңа ақпараттық сын-қатерлерден артта қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары, бейбітшілік пен жасампаздыққа үндейтін контент цифрлық кеңістікте белсенді таралып, әлеуметтік желілердегі деструктивті материалдарға қарсы тұруы қажет.

«Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы басқармасының төрағасы Иван Иванов этникалық және діни зорлық-зомбылықтың алдын алуда сыни ойлаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім беру тек тұлғалық болмысты қалыптастырып қана қоймай, ар-ождан, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін де тәрбиелеуі қажет. Осы тұрғыда философия мен этика білім беру бағдарламаларында маңыздырақ орын алуы тиіс екенін айтты.

Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің басшысы Ростислав Новгородов, Қазақстан Бахаи қауымдастығының өкілі Тоқжан Қожахметова және Somaiya Vidyavihar университетінің ректоры Рудракша Сакрикар жастардың ерекше рөліне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, жас ұрпақ тек білім алушы ретінде емес, бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілете алатын әлеуметтік өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылуы тиіс.

Ресей ғылым академиясы Философия бөлімінің меңгерушісі Сергей Мельник 2027 жылы «Арамыздағы ортақ сөз» құжатының 20 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Бұл бастама ислам-христиан диалогын одан әрі дамытуға және діни дәстүрлер арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық диалогтан тұрақты бейбітшілік, жаңа технологиялар этикасы, климаттық жауапкершілік, білім беру және радикализмнің алдын алу салаларындағы практикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды екенін атап өтті.

11 июня 2026
Астанада канадалық компаниялар тау-кен металлургиясы саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерді бағалады

Астана, 2026 жылғы 11 маусым – AMM-2026 халықаралық металлургтер конгресі шеңберінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «From Rockies to Steppes: Canadian Mining Companies on Kazakhstan's Potential» («Тау жоталарынан даланы дейін: канадалық тау-кен компаниялары Қазақстанның әлеуеті туралы») атты панельдік сессия өтті. Іс-шараға жетекші канадалық тау-кен компаниялары қатысты.

Мероприятиенің басты мақсаты – канадалық және халықаралық іскер серіктестердің кең ауқымы үшін Қазақстанның ТМК саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерін жылжыту, сондай-ақ салаға шетелдік инвестицияларды тарту болды.

Сессияның спикерлері – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, сондай-ақ B2Gold, Teck Resources, First Quantum Minerals және Arras Minerals компанияларының өкілдері. Ә.Қуантыров өз сөзінде Қазақстанның тау-металлургия секторындағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды: іскерлік климатты жақсартуға, инвесторларды қолдауға және минералдық-шикізат кешенін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат егжей-тегжейлі баяндалды. Сондай-ақ ол халықаралық серіктестерді Қазақстандағы геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жаңа жобаларды іске асыруға шақырды.

Канадалық қатысушылар Қазақстанда бизнес жүргізу жағдайларын жоғары бағалады: мемлекеттік органдармен конструктивті өзара іс-қимыл, рәсімдердің ашықтығы және инвестициялық климатты жақсарту бойынша жүйелі жұмыс атап өтілді. Талқылау барысында тараптар шетелдік инвестицияларды тарту, заманауи технологияларды енгізу және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қоса алғанда, Қазақстанның тау-металлургия кешенін одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Іс-шара екіжақты салалық диалогтың маңызды оқиғасына айналды және канадалық бизнестің Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейтуге деген жоғары мүддесін, сондай-ақ тараптардың тау-кен секторындағы ұзақмерзімді серіктестікке өзара ұмтылысын растады.

Анықтама: AMM (Astana Mining & Metallurgy) – Қазақстан мен Орталық Азияның тау-кен және металлургия өнеркәсібі саласындағы ең ірі халықаралық форумдардың бірі; жыл сайын 60-тан астам елден 5 000-нан астам қатысушыны біріктіреді. Конгресс шеңберінде канадалық компаниялардың қатысуымен өтетін сессия төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және осы уақыт ішінде Қазақстан мен Канада арасындағы тау-кен секторындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылаудың дәстүрлі алаңдарының біріне айналды.

10 июня 2026
Астанада Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің 7-ші отырысы өтті

Астана, 2026 жылғы 10 маусым – «ҰАК «Қазатомпром» АҚ мен Cameco Corporation тең төрағалығымен Қазақстан-Канада іскерлік кеңесінің (ҚКІК) 7-ші отырысы өтті. Іс-шараға ҚР мемлекеттік органдарының басшылығы, Қазақстан мен Канаданың іскер топтары, сондай-ақ сараптамалық және академиялық ортаның өкілдерін қоса алғанда 100-ден астам адам қатысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметі атынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ә.Қуантыров іс-шараны ашты. Сонымен қатар ҚКІК тең төрағалары – «ҰАК «Қазатомпром» АҚ Басқарма Төрағасы М.Юсупов және Cameco Corporation Бас атқарушы директоры Т.Гитцель (бейнеүндеу форматында) сәлемдеме сөз сөйледі.

Форумның іскерлік бағдарламасы екіжақты күн тәртібінің негізгі секторларындағы жасанды интеллектінің дамуы мен сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа арналған екі тақырыптық сессиядан тұрды.

Бірінші сессия шеңберінде ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Б.Мұхаметқалиев цифрлық трансформация мен ЖИ саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын таныстырып, қазақстандық нарықтағы шетелдік технологиялық компаниялар үшін нақты мүмкіндіктерді белгіледі. Telus Agriculture & Consumer Goods президенті К.Террис агроөнеркәсіптік кешенде ЖИ-шешімдерін қолдану тәжірибесі туралы баяндады. Бұдан басқа, спикерлер телекоммуникацияда, үлкен деректерді басқару саласында, өндірістік процестерде және т.б. ЖИ енгізу мен қолдану практикалары жайлы айтты. Талқылау қазақстандық-канадалық цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мүмкіндіктерін айқын көрсетті.

Екінші панельдік сессияда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Қ.Шарлапаев Қазақстандағы іскерлік ортаның қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабарлады; инвесторлар үшін жағдайды жақсартуға ықпал ететін жүйелік реформаларға канадалық серіктестердің назарын аударды. «QazTrade» АҚ басшылығы екіжақты сауда ынтымақтастығын ынталандыру және Канадаға қазақстандық өнімнің экспортын кеңейтуге арналған қолданыстағы құралдарды таныстырды. B2Gold вице-президенті Н.Ридер, CanAgro директоры Р.Минин және Xena Distribution вице-президенті Э.Парди Қазақстанның тау-кен өндірісі, энергетика және агроөнеркәсіптік секторларында бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетуге деген ортақ ерікті растады және отырыс барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүйелі түрде іске асыру ниетін білдірді.

Форумда канадалық бизнестің жоғары деңгейде өкілдік етуі канадалық іскер топтардың қазақстандық нарыққа деген қызығушылығының артып келе жатқандығын және елдің аймақтағы ең сенімді және қауіпсіз юрисдикция ретіндегі инвестициялық тартымдылығын растайды.

ҚКІК-тің 7-ші отырысы екіжақты іскерлік диалогты ілгерілетудегі кезекті маңызды қадамға айналды және Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуына қосымша серпін берді.

Анықтама: Қазақстан-Канада іскерлік кеңесі екі елдің іскер қоғамдастықтары арасындағы сауда-экономикалық диалогты дамытудың негізгі механизмі болып табылады. Кеңес 2015 жылы құрылған және қазақстандық тараптан «ҰАК «Қазатомпром» АҚ, канадалық тараптан Cameco Corporation тең төрағалығымен жұмыс істейді. ҚКІК-тің 6-шы отырысы 2024 жылдың наурызында Торонто қаласында өтті.

Eкіжақты қарым-қатынастар
23 мая 2026
Қазақстан мен Канада жоғары білім және кадр даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Торонто, 2026 жылғы 22 мамыр – University of Toronto алаңында Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі ұйымдастырған «Қазақстан–Канада жоғары білім және кадр даярлау мәселелері жөніндегі диалог» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға University of Toronto, Ontario Tech University, Toronto Metropolitan University, York University, Queen's University, Humber Polytechnic, George Brown College, Cambrian College, MITACS және өзге де жетекші академиялық әрі зерттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Онтарио провинциясы Үкіметінің және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Іс-шараны ашқан Қазақстанның Канададағы Елшісі Д.Құсайынов Қазақстанның Еуразиядағы өңірлік академиялық және зерттеу хабы ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз халықаралық әріптестікті, бірлескен білім беру бағдарламаларын және ғылыми ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Елші стратегиялық маңызы бар салаларға, соның ішінде тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы және жасанды интеллект бағыттарына кадр даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Негізгі баяндамамен Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры, Harvard University шақырылған зерттеушісі Муслим Хасенов сөз сөйледі. Ол Қазақстандағы жоғары білім мен ғылым саласындағы реформаларға шолу жасап, халықаралық академиялық әріптестіктің дамуы мен жоғары білімді интернационалдандырудың жаңа тәсілдері туралы баяндады.

Пікірталас барысында University of Toronto халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Мишель Битон Қазақстан мен Канада арасындағы академиялық байланыстардың кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдіс бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруды, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын және қазақстандық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына канадалық оқытушылардың қатысуын қамтиды.

Ал Ontario Tech University халықаралық білім беру жөніндегі директоры Шоуна Гаррет жоғары технологиялық экономика салалары үшін мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталды. Әсіресе, Қазақстанның атом электр станциясын салу жоспарларын ескере отырып, инженерия, цифрлық технологиялар және ядролық энергетика салаларындағы әріптестіктің маңызын ерекше атап өтті.

Жалпы, іс-шара Қазақстан мен Канаданың жоғары білім беру және болашақ экономикасы үшін кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін көрсетті.

19 мая 2026
Президенттің қатысуымен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады

2026 жылғы 19-20 мамыр, Астана қаласы
Өтетін орны: Тәуелсіздік сарайы

19 мамыр күні Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу рәсімі өтті.

19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды халықаралық форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.

Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.

Симпозиум аясында Алтын Орданың дала өркениетінің моделі ретіндегі мұрасына арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Экспозицияға археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған.

Көрменің құрылымы бірнеше негізгі тақырыптық бөлімдерді қамтиды: мемлекет және билік, дала сәні мен киім үлгілері, әскери іс, дала және қала өркениеттерінің өзара ықпалдастығы, мәдениет, ғылым және өнер. Ерекше назар 70 археологиялық және сәулет ескерткішін қамтитын интерактивті картаға аударылған. Оның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация ұсынылған.

Көрменің негізгі жәдігерлерінің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалары туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» қолжазбасы. Сонымен қатар Каталон атласы, хандардың генеалогиясы, теңгелер, жазба деректер және тұрмыстық бұйымдар қойылған. Жазба мұралар қатарында 3 жарлық, 4 дипломатиялық хат және 21 қолжазба бар. Олар түпнұсқа, факсимильді көшірме және электронды нұсқаларда ұсынылған.

Экспозиция Қазақстан аумағындағы маңызды археологиялық ескерткіштердің материалдары негізінде жасақталған. Олардың қатарында көне Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент қалалары және тарихи маңызы зор өзге де нысандар бар. Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және оны зерттеуге деген ғылыми қызығушылықты арттыру.

Пленарлық отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Ашылу рәсіміне ЮНЕСКО хатшылығының өкілдері, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Моңғолия, Украина, Мажарстан, Болгария, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да мемлекеттердің өкілдері қатысты.

Форумға әлемнің 20-дан астам елінен келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның тарихи ғылымды дамыту мен тарихи өткенді жаңаша пайымдауда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Бүгін біз тек өткенді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілік, бірегейлік және Қазақстанның Еуразия тарихындағы орнын түсінудің негіздерін талқылап отырмыз. Тарихты қазіргі заман тұрғысынан қайта зерделеу жағдайында Алтын Орда Ұлы даланың саяси және мәдени дәстүрінің қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде айрықша мәнге ие», - деді министр.

Оның айтуынша, Алтын Орда Шығыс пен Батыс арасындағы өзара ықпалдастықты, идеялар, технологиялар мен мәдени тәжірибелер алмасуын қамтамасыз еткен еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі болды. Ал оның тарихы көшпелі және отырықшы өркениеттер синтезінің көрінісі саналады.

 

«Қазақстан үшін Алтын Орданы зерттеу тек академиялық міндет емес. Бұл – тарихи сабақтастық мәселесі. Қазақстан өзін Жошы ұлысының мұрагерлерінің бірі ретінде санайды. Дәл осы кеңістікте кейін Қазақ хандығында жалғасын тапқан мемлекеттілік пен этногенездің негіздері қалыптасты», - деді Саясат Нұрбек.

Симпозиумда сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Элунду Лазар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, сондай-ақ Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Маржани атындағы Тарих институтының М.А. Усманов атындағы Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев құттықтау сөз сөйледі.

Симпозиум барысында Алтын Орданың этносаяси тарихы, оның мұрасының қазіргі заманғы маңызы, болашақ зерттеу бағыттары, материалдық және рухани мәдени мұра, жазба және ауызша дереккөздер, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Форум аясында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын пәнаралық зерттеуге, археологиялық жаңалықтарға, тарихи жады мен бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған мамандандырылған ғылыми секциялар өтеді.

Халықаралық форумның маңызды қорытындыларының бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу бастамаларын біріктіруге және түрлі елдердің ғылыми орталықтары мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды.

Симпозиумның мәдени бағдарламасы Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасының байлығын және Еуразия кеңістігіндегі рухани дәстүрлер сабақтастығын танытатын «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын қамтиды.

Қазақстанда халықаралық симпозиумның өтуі елдің Орталық Азия тарихы мен мұрасын зерттейтін жетекші орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етеді.

17 мая 2026
Қазақстан мен Канада өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда

Калгари, Торонто, 2026 жылғы 15 мамыр – Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов агроөнеркәсіптік кешен, инвестициялар және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында Канадаға жұмыс сапарымен барды.

Онтарио провинциясындағы бағдарлама аясында өңір басшысы Онтарионың Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және агробизнес министрлігінің, сондай-ақ Канаданың мемлекеттік экспорттық-несиелік агенттігінің басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ауыл шаруашылығы машина жасау және өңірдің өнімділігі мен экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған агроөнеркәсіптік кешенге заманауи шешімдерді енгізу салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.

Альберта провинциясында Ақмола облысының әкімі дәлме-дәл егіншілік жүйелерін енгізу, цифрлық мониторинг, өндірістік процестерді автоматтандыру және заманауи ирригациялық шешімдер мәселелері бойынша жетекші агротехнологиялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар келіссөздер жүргізді.

Сонымен қатар делегация Канаданың агротехнологиялық әзірлемелер саласындағы жетекші орталықтарының бірі — Олдс колледжіне (Олдс қ.) барды. М.Ахметжанов автономды ауыл шаруашылығы техникасын қолдану тәжірибесімен, тыңайтқыштарды дәлме-дәл енгізу технологияларымен, егістік алқаптарын цифрлық картографиялау және нақты уақыт режимінде деректерді талдау жүйелерімен танысты.

Сондай-ақ сапар аясында өңір басшысы Ниагара (Онтарио) және Банф (Альберта) ұлттық парктеріне барып, аталған нысандардың әкімшіліктерімен кездесті. Кездесулер барысында Ақмола облысында, оның ішінде Бурабай курорттық аймағында қызмет көрсетудің жақсарту және туризмді дамыту мақсатында Канаданың ұлттық парктеріндегі озық технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жалпы алғанда, қазақстандық делегацияның сапары Қазақстан мен Канада өңірлері арасындағы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салаларындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға тараптардың өзара мүдделілігін көрсетті.

25 апреля 2026
Мемлекет басшысы «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығына барды

2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жыл ішінде елді цифрлық даму бойынша көшбасшылар қатарына шығаруды мақсат етіп қойды. Биыл 6 қаңтарда 2026 жылды – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойылды.

Цифрландыру жылы аясында жаңа жобалар іске қосыла бастады. Осылайша, Астанада «Alem.ai (http://alem.ai/) халықаралық жасанды интеллект орталығы» ашылды.

24 сәуірде Мемлекет басшысы орталыққа арнайы барып, оған Presight компаниясының «Astana Smart City» жобасы – жаңа буындағы зияткерлік қалалық инфрақұрылымды құруға бағытталған ауқымды бастама таныстырылды.

Сол күні Президент еліміздің 14 өңіріндегі Tomorrow School жасанды интеллект мектептерінің желісін іске қосты (2024 жылы Astana Hub базасында құрылған) және жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығын ашты. Орталықта генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын әзірлеу, анимация, 3D-модельдеу, робототехника, графикалық және моушн-дизайн, веб-әзірлеу, киноөндіріс пен цифрлық музыка сияқты 11 бағыт бойынша оқыту жүргізіледі.

Іс-шара аясында Қасым-Жомарт Тоқаев «alem.ai battle» жасанды интеллект саласындағы ұлттық байқаудың жеңімпаздарын марапаттады.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдар арасындағы AI Governance Cup байқауының жеңімпаздарына алты номинация бойынша марапаттар табысталды: «AI Азаматтарға Қызмет», «AI Экономика», «AI Әлеуметтік Саясат», «AI Қауіпсіздік», «AI Өңір» мен «AI Квазисектор».

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев интерактивті форматта «Болашақ ойындары – Астана 2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты бастап, «Аlem.ai» естелік тақтайшасына қол қойды.

Қазақстан 4-ші дүниежүзілік өнеркәсіптік революция дәуірінде елді жаңғырту жолында дәйекті әрі тұрақты ілгерілеуді көрсетіп жатыр: инфрақұрылым мен заңдарды қалыптастырудан бастап, азаматтарды жаппай оқытуға дейін, жаңа технологияларды жай ғана қолданумен шектелмей, болашақтың өз технологиялық базасын қалыптастыруда.

Елдің нәтижелері әлемдік цифрлық аренада да көрініс табуда.
«Alem.Cloud» ұлттық суперкомпьютері әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің TOP500 халықаралық рейтингіне (86-орын) енді. Government AI Readiness Index 2025 индексінде Қазақстан 195 елдің ішінде 60-орынға көтеріліп, бір жылда позициясын 16 тармаққа жақсартты. БҰҰ-ның E-Government Development Index рейтингінде 193 елдің ішінде 24-орынды иеленді, ал теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында бірінші орынға шықты. Сонымен қатар, 2025 жылғы қаңтарда Ookla компаниясының мобильді интернет жылдамдығы рейтингісінде Қазақстан 8 позицияға көтеріліп, 49-орынға жайғасты.

         

 

Социальные сети
Facebook
twitter
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары