
ОТТАВА: 2020 жылғы 29 тамызда Канада астанасы Оттава қаласында Қазақстанның Канададағы Елшілігі ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған веложарыс өтті. Велошерудің бағыты символдық 25 км болды және Оттава орталығы мен Гатино ауданының көрікті жерлерінен өтті.
Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған) әмбебап қағидаттарға негізделеді және адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын жоғары құндылықпен айқындайды. Азаматтардың денсаулығы мен әлеуметтік жауапкершілік Қазақстан мен Канада үкіметтері үшін басым мақсаттар болып табылады.
Қазақстан Елшісі А.Камалдинов атап өткендей, «елшілік ұйымдастырған веложарыс – қазақстандықтарға алғыс білдірудің тамаша тәсілі. Қазақстан мен Канаданың көптеген ұқсастықтары бар – бұл ұқсас табиғи-климаттық жағдайлар, екі елдің де аумағы үлкен және халықтың саны көб емес, табиғи ресурстарға бай. Канадада мұнай мен уран өндіріледі, елде ауыл шаруашылығы мен көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған.
Біздің елдеріміз екіжақты форматта да, халықаралық аренада да өзара тиімді ынтымақтасады. Сыртқы саясатта Қазақстан, Канада тәрізді, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосуда. Біз сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ жүйесі шеңберінде және басқа да көпжақты алаңдарда канадалық әріптестермен белсенді өзара іс-қимыл жасаймыз».
«Канададағы кәсіпқой емес спортшылар, қазақстандықтар секілді, спорт пен белсенді демалысты жақсы көреді. Егер қыста бұл хоккей, керлинг, коньки тебу және шаңғы болса, жазда велоспорт, жүгіру және трекинг танымал.
Канадамен екіжақты қарым-қатынасты дамыта отырып, біз ортақ мақсаттар мен әлеуетті мүмкіндіктерге сүйене отырып, өзара іс-қимыл жасауға тырысамыз. Осындай мүмкіндіктердің бірі – спорт», - деп атап өтті А.Камалдинов.
Бейнероликке сілтемелер:
https://www.facebook.com/357100411591432/posts/664474814187322/