
Калгари, 2024 жылғы 10-13 маусым – Қазақстанның Канададағы Елшісі Дәулетбек Құсайынов Альберта провинциясына алғашқы ресми сапарымен барып, аймақ басшылығымен және іскер топтарымен кездесулер өткізді, сондай-ақ «Global Energy Show Canada» халықаралық энергетикалық конференциясына қатысты.
Сапардың негізгі мақсаты энергетикалық әріптестікті нығайту, минералды ресурстарды барлау және өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, Қазақстанға жоғары техникалық өндірістер мен өндірісте экологиялық қауіпсіздік стандарттарын енгізу бойынша провинцияның озық тәжірибесін тарту болды.
Атап айтқанда, Альберта үкіметінің басшысы Даниэль Смитпен жеке кездесуде ынтымақтастықтың аталған бағыттарын жандандыру, оның ішінде бизнес-миссиялардың сапарларымен алмасуды ұйымдастыру арқылы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сапар барысында қазақстандық Елшінің провинция үкіметінің мүшелерімен және ірі компаниялардың басшыларымен кездесулері, сондай-ақ Альбертаның жетекші білім беру мекемелеріне, соның ішінде Калгари университетіне баруы өтті.
Энергетикалық форум аясында Елшілік елімізбен серіктестік орнатуға мүдделі провинция кәсіпкерлерімен дөңгелек үстел өткізді. Қатысушыларға Қазақстандағы инвестициялық саясат шарттары туралы ақпарат, сондай-ақ перспективалы жобалар пакеті ұсынылды.
Жалпы, өткізілген кездесулер мен келіссөздердің қорытындылары Қазақстан-Канада әріптестігін одан әрі кеңейту бойынша Елшілік жүргізіп жатқан жұмыстың маңызды субстантивтік бөлігіне айналды.
Анықтама: Альберта 160 млрд. баррельге бағаланған мұнай мен газ қоры бойынша әлемдегі бес көшбасшының қатарына кіреді. Бұдан басқа, провинцияда көмір, жел және күн энергиясының айтарлықтай қоры бар.
Альберта барлық канадалық бидайдың шамамен 32%, арпаның 29% және рапстың 20% өндіреді. Сондай-ақ, провинция мал шаруашылығын дамытудағы инновациялық тәсілдерімен танымал.
Сонымен қатар, аймақта бау-бақша, ара шаруашылығы, сүт өндірісі және ауыл шаруашылығының басқа түрлері дамыған.
Мұның бәрі Альбертаны Канаданың ең бай және экономикалық дамыған аймақтарының біріне айналдырады (Альбертаның ЖІӨ 2023 жылы 3 349,31 млрд. АҚШ долл. құрады).