
Саскатун, 2022 жылғы 21 шілде - Канаданың Саскачеван провинциясында жыл сайынғы «Ag in Motion» ауыл шаруашылық көрмесі өтті, оған Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов қатысты.
Дәстүрлі түрде дала жағдайында өткен іс-шараға 500-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарды, тыңайтқыштарды өндірушілер, мал шаруашылығы қауымдастықтары мен фермалар, тұқым өсіру орталықтары, ғылыми-білім беру мекемелері қатысты.
Іс-шара форматы канадалық аграрлық сектордың «қолданыста» озық әзірлемелерімен танысуға мүмкіндік берді. Интерактивті режимде топырақты терең өңдеуге арналған жаңа техника, егістік материалдың өнімділігі мен сапасы, мал шаруашылығының үздік селекциясы және т.б. көрсетілді.
Көрмеге қатысу барысында қазақстандық дипломат Қазақстанның Саскачеван провинциясымен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық перспективаларын, ауыл шаруашылығының тиімділігі мен экспорттық әлеуетін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу бойынша Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
2022 жылғы күзде канадалық кәсіпорындар мен әзірлеушілердің Қазақстанға аграрлық миссиясын ұйымдастыру және оны канадалық аграршылардың Қазақстандағы ауыл шаруашылығы көрмелеріне қатысуына және «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыс тобын өткізуге орайластыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Осымен бірге, Елші А.Камалдиновтың Саскачеванға сапары аясында «Cameco Corporation» Президенті және Бас атқарушы директоры Тим Гитцелмен жеке кездесу өткізілді. Т.Гитцель Қазақстанның Саскачеван провинциясындағы Құрметті консулы ретінде, сондай-ақ «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің тең төрағасы болып табылады. ҚР Канададағы құрметті консулдары Тим Гитцель мен Дон Стрюдің 2022 жылғы 8 маусымдағы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерінің қорытындылары, сондай-ақ осы жылдың қазан айында Нұр-сұлтан қаласында Іскерлік кеңестің жоспарланған 5-ші отырысы талқыланды.