
ОТТАВА, 2022 жылғы 4 cәуір - Қазақстан мен Канада арасындағы парламентаралық өзара іс - қимыл желісі бойынша екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мақсатында ҚР Канададағы Елшілігі ҚР - Канада парламентаралық ынтымақтастық тобының (бұдан әрі-Топ) канадалық бөлігінің жұмысын қалпына келтіру және оның қызметін ілгерілету бойынша мақсатты жұмыс жүргізді.
Канада тарапынан бұл топты беделді парламентшілер басқарады. Танымал сенатор - Сенаттың Сыртқы істер және халықаралық сауда, сондай-ақ ауыл және орман шаруашылығы комитеттерінің мүшесі Виктор Оу Сенаттың атынан топтың тең төрағасы болып табылады. Қауымдар палатасында бұл топты Канада Парламентінің мүшесі - Қауымдар палатасының Азаматтық және иммиграция жөніндегі тұрақты комитетінің, сондай-ақ Парламент Кітапханасының әкімшілік мәселелер жөніндегі бірлескен тұрақты комитетінің мүшесі Шавкат Али басқарады.
Үстіміздегі жылғы 31 наурызда Елші А.Камалдиновтің Қауымдар палатасындағы топтың тең төрағасы Ш. Алимен кездесуі өтті, оның барысында парламентаралық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды.
Кездесу барысында А.Камалдинов канадалық парламентшілерді Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауының шеңберінде еліміздің саяси жүйесін жаңғырту бойынша жан-жақты қамтылған реформалар пакетімен таныстырды. Ол Қазақстан билікті және заң шығарушы органның жауапкершілігін күшейту есебінен Президенттен Парламентке өкілеттіктерді қайта бөлуді жүргізетінін атап өтті. Біздің еліміз «суперпрезиденттік» модельден «мықты парламенті бар президенттік республикаға» көшетіні және тежемелік пен тепе-теңдіктің түбегейлі жаңа орнықты жүйесі қалыптастырылатыны атап өтілді.
Сонымен қатар ол 2022 жылғы 10 сәуірде Қазақстан мен Канада елдеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдығын атап өтетінін хабарлап, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті.
А.Камалдинов COVID-19 пандемиясының Қазақстан-Канада экономикалық қарым-қатынастарына теріс әсер еткеніне қарамастан, канадалық іскерлік қоғамдастық елімізбен ынтымақтастықты дамытуға табандылық пен берік ерік-жігер танытқанын атап өтті. Ол 2021 жыл сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың елеулі өсім көрсеткенін және өткен жылы ҚР-дағы канадалық инвестициялардың көлемі
385,1 млн. АҚШ долларын құрағанын атап өтті, бұл 2020 жылға қарағанда
17 есе көп (22,7 млн. АҚШ долл.) және соңғы 9 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болды.
Өз кезегінде, топтың тең төрағасы - Канада Парламенті Қауымдар палатасының мүшесі Шавкат Али Қазақстанды одан әрі демократияландыру бағытының жалғасы болып табылатын жаңа саяси бағдарламаға шынайы қызығушылық танытты. Ол елімізде жүргізіліп жатқан басқару институттарын жаңғыртуға, саяси бәсекелестікті арттыруға, мемлекеттік секторды бюрократиясыздандыру мен қолайлы инвестициялық ахуал жасауға бағытталған кең ауқымды реформаларды жоғары бағалады.
Канадалық депутат, сондай-ақ елдеріміз арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандырудың, соның ішінде ҚР азаматтары үшін канадалық визалық режимді ырықтандырудың маңыздылығын атап өтті.
Ү.ж. 4 сәуірде Елші А.Камалдиновтің Канада Парламентінің Сенатындағы топтың тең төрағасы - сенатор Виктор Оумен кездесуі өтті, оның барысында ҚР мен Канада арасындағы 2022 жылға арналған парламентаралық ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі жоспарлар қаралды.
Кездесу басында Елші А.Камалдинов сұхбаттасушыны еліміздегі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың ауқымды бағдарламасының іске асырылу барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғыру жолы» Жолдауының негізгі ережелерімен таныстырды. Ол Мемлекет басшысының Жолдауы аясында ұсынылған саяси реформалардың жаңа бесінші пакеті азаматтық қоғаммен және ҮЕҰ-ның сарапшыларымен сындарлы диалог негізінде әзірленгенін атап өтті.
Қазақстандық дипломат қазақстандық билік мемлекеттік басқару, ұлттық қауіпсіздік және экономикалық саясат жүйесінде түбегейлі реформалар жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол ел билігі «Жаңа Қазақстан» құру аясында саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық шаралардың кешенді бағдарламасын іске асырып жатқанын атап өтті.
Сенатор В.Оу Қазақстанның саяси реформаларды іске асыру, мемлекеттік секторды бюрократиясыздандыру, сондай-ақ ашық әрі әділ сайлау өткізу үшін жағдай жасау, бәсекеге қабілетті әрі тәуелсіз БАҚ-тың жұмысы жөніндегі күш-жігеріне жоғары баға берді.
Канадалық парламентшілер ҚР мен Канада арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды жолға қоюда, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуде жан-жақты көмек пен жәрдем көрсетуге әзірлігін білдірді.
Кездесулердің қорытындысы бойынша парламентаралық ынтымақтастық пен парламенттік дипломатия саласындағы 2022 жылға арналған бірлескен жоспарлар талқыланып, келісілді. Жалпы алғанда, өткізілген кездесулер Канада парламенттік топтарының елімізде іске асырылып жатқан реформалар мен қайта құруларға айтарлықтай қызығушылығын көрсетті.