
Ванкувер, 2022 жылғы 3 ақпан - ҚР Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Солтүстік Америкадағы шетелдік өкілі Ғалымжан Матаев 2022 жылғы 1-3 ақпан кезеңінде Британдық Колумбияда жұмыс сапарымен болды.
Қатаң пандемиялық шектеулерге қарамастан, 2022 жылы Британдық Колумбия үкіметі Ванкувер қаласында канадалық тау-кен компанияларының «хабында» өткен жыл сайынғы «Ame BC Roundup» халықаралық тау-кен конференциясын - көрмесін «жанды форматта» өткізуге рұқсат берді.
Алғаш рет «AME BC Roundup» көрмесінде Қазақстанның тау жыныстарының үлгілері көрсетілді. Канадалық «Arras Minerals (Silver Bull Resources)» юниорлық компаниясы Павлодар облысындағы Бесқауға кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде.
Іс-шараға қатысу Канаданың тау-кен өндіру, геологиялық барлау компанияларымен, инвесторлармен, сарапшылармен және басқа да кәсіби геологиялық бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен 40-тан астам кездесу өткізуге мүмкіндік берді.
Сапар аясында «Arras Minerals (Silver Bull Resources)» компаниясымен бірлесіп Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі 25 канадалық компанияның қатысуымен іскерлік түскі ас ұйымдастырылды. Өз сөзінде А.Камалдинов тау-кен саласы Канадамен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазақстанда «Жер қойнауы туралы» кодекс қабылданғаннан кейін және қолайлы инвестициялық ахуалдың арқасында канадалық компаниялардың Қазақстанның тау-кен саласына инвестиция салуға елеулі қызығушылығы байқалады.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ шетелдік өкілі Ғ.Матаев таныстырылымда Қазақстанның инвестициялық ахуалы, тау-кен өндіру саласын дамыту және канадалық бизнеспен ынтымақтастықты дамыту әлеуеті туралы айтып берді.
Іс-шаралардың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бірқатар жобаларға ерекше қызығушылық танытқан канадалық әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, бастамаларды пысықтау бойынша одан әрі бірлескен қадамдар жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Сонымен қатар Қазақстан Елшісі А.Камалдинов «CERBA» Еуразия елдеріндегі канадалық компаниялардың іскерлік қауымдастығы ұйымдастырған 11-ші Халықаралық тау-кен конференциясына қатысып, сөз сөйледі. А.Камалдинов канадалық компанияларды Қазақстанды бизнес жүргізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған сенімді ел ретінде қарастыруға шақырып, 2021 жылы Қазақстанға канадалық инвестициялар мен екіжақты тауар айналымының статистикасы айтарлықтай өсім көрсеткенін және соңғы 9 жылда ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты.