
2021 ж. 30 қыркүйекте ҚР Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Хуан Карлос Салазармен кездесуі өтті, кездесу барысында Қазақстанның Азаматтық авиация саласындағы ұйыммен ынтымақтастығы және пандемиядан кейінгі ҚР авиация саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Елші А.Камалдинов қазақстандық тараптың ұйым стандарттарын сақтауға бейілділігі және елдің авиация саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайын одан әрі жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыратыны туралы хабардар етті. Ол әлемдік экономиканы пандемиядан кейінгі қалпына келтірудің маңыздылығын және осы үдерістегі авиация индустриясының маңызды рөлін атап өтті.
2021 жылғы тамызда ИКАО аудитінің қорытындысы бойынша Қазақстан ИКАО стандарттары мен ұсынылған практикаларын тиімді енгізудің 84%-дық деңгейіне жетті және Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарын тиімді орындауы жалпы әлемдік орташа деңгейден 15% - ға асып түскені атап өтілді.
Анықтама: ИКАО аудитінің қорытындысы бойынша 2021 жылғы тамызда ИКАО стандарттарына сәйкестіктің өсуі тексерудің мынадай салалары бойынша көрсетілді: негізгі авиациялық заңнама (LEG) - 61% - дан 81% - ға дейін, азаматтық авиация ұйымы (ORG) - 37% - дан 75% - ға дейін, аэронавигациялық қызмет көрсету (ANS) - 87% - дан 95% - ға дейін, әуеайлақтар мен жерүсті құралдары (AGA) - 56% - дан 90% - ға дейін және авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тексеру (AIG) - 47% - дан 53% - ға дейін.