Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі А.Камалдиновтың Ньюфаундленд және Лабрадор провинциясына ресми іс-сапары туралы

Қазақстан Республикасының Канададағы Елшісі А.Камалдиновтың Ньюфаундленд және Лабрадор провинциясына ресми іс-сапары туралы

Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ канадалық өндірушілерді, олардың инновациялары мен технологияларын Қазақстанға тарту мақсатында а.ж. 22-23 қыркүйекте ҚР Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Ньюфаундленд және Лабрадор (НЛ) провинциясына ресми іс-сапарымен болды.

Сапар барысында қазақстандық дипломат провинцияның Лейтенант-губернаторы Дж.Фут, провинцияның заң шығарушы жиналысының Спикері Д.Беннетт, Сент-Джонс қаласының мэрі Д.Брин, НЛ Өнеркәсіп, энергетика және технологиялар министрі Э.Парсонс, НЛ Балық шаруашылығы, орман және ауыл шаруашылығы министрі Д.Брэгг, провинцияның Сауда-өнеркәсіп палатасы жанындағы НЛ Тау-кен қауымдастығы атқарушы директоры Э.Мориарти, Теңіз операциялары жөніндегі басқарманың басшысы және Сент-Джонс қ. Порт директоры М.Уильямс және Порт әкімшілігін дамыту жөніндегі вице-президент Б.Маккарти және провинцияның басқа да ресми өкілдерімен кездесулер өткізді.

Канада Федеративтік құрылымын назарға ала отырып, Сент-Джонс қаласындағы келіссөздерде тараптар Қазақстанның канадалық провинциялармен, оның ішінде Ньюфаундленд және Лабрадормен елдер арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуде маңызды рөл атқаратын әртүрлі жоспарлы ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Провинция өкілдері елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға бере отыра, Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді және COVID-19 пандемиясына байланысты шектеулерді алып тастағаннан кейін провинция компаниялары үшін Елшіліктің бизнес-семинарын ұйымдастыруға көмектесуге дайын екендіктерін білдірді.

Айта кету керек, Ньюфаундленд пен Лабрадор экономикалық өсу тұрғысынан Канада провинциялары арасында көшбасшылар қатарынан болып табылады (а.ж. 4,6% деңгейінде), бұл ең алдымен мұнай-газ секторын (Атлант мұхитының қайраңында оффшорлық мұнай өндіру) және тау-кен өндірісін (Лабрадордағы темір, никель кендерін игеру) дамыту арқылы қамтамасыз етіледі. Ньюфаундленд және Лабрадор компаниялары күрделі климаттық және ауа-райы жағдайларында (теңіз ағындарын, айсбергтер қозғалысын, теңіз дауылдарын ескере отырып) жүзеге асырылатын оффшорлық мұнай кен орындарын игеруде үлкен тәжірибеге ие.

Осыған байланысты, Ньюфаундленд пен Лабрадорда жұмыс істейтін мұнай-газ компанияларының тәжірибесі Қазақстанда оффшорлық кен орындарының (Каспий теңізіндегі Қашаған сияқты) болуын назарға ала отырып, қазақстандық тарап үшін үлкен қызығушылық тудыруда.