
ОТТАВА, 2021 ж. 8 маусым – «Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесінің Құрылыс және инфрақұрылым жөніндегі Жұмыс тобының уағдаластықтарын іске асыру шеңберінде екі елдің құрылыс секторының өкілдері арасында одан әрі ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.
Іс-шараға Қазақстанның ірі құрылыс компанияларының, соның ішінде «Bazis-A» және «BI Group» басшылары, Қазақстан мен Канада елшіліктерінің, «CERBA» Канадалық іскерлік қауымдастығының, «Kazakh Invest», сондай-ақ Канаданың құрылыс индустриясының өкілдері қатысты.
«Базис-А» компаниясының басшысы Александр Белович канадалық инновациялық құрылыс технологияларын Қазақстанда енгізу тәжірибесімен бөлісіп, Канада мен Қазақстан – климаты суық елдер және канадалық құрылыс тәжірибесі мен әдістерін енгізу елімізде үлкен перспективаларға ие екенін атап өтті.
Оны «BI Infra Construction» компаниясының Бас директоры Дархан Рахимов қолдап, канадалық құрылыс бизнес-қоғамдастығымен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін білдірді.
Іс-шара барысында қолжетімді тұрғын үй құрылысы, энергия тиімділігі технологияларын енгізу және «ақылды қалаларды» дамыту мәселелері бойынша өзара тұрақты алмасу перспективалары атап өтілді.
Коронавирустық пандемияға байланысты шектеулер жойылғаннан кейін ірі құрылыс компаниялары, қауымдастықтар, инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне жетекшілік ететін мемлекеттік органдар құрамында қазақстандық делегацияны қалыптастырып, Канадаға сапар ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.