Канададағы сарапшылар Қазақстанның өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесін жоғары бағалады

Канададағы сарапшылар Қазақстанның өңірлік және халықаралық қауіпсіздікке қосқан үлесін жоғары бағалады

ОТТАВА, 2021 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар сериясы шеңберінде Қазақстан-Канада онлайн конференциясы өтті, оның барысында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы бастамалары мен жетістіктері талқыланды.

Конференцияны ҚР Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов ашты. Ол өз сөзінде Қазақстан қазіргі уақытта өз дамуының маңызды кезеңінде және 2021 жылдың 16 желтоқсанында Тәуелсіздіктің 30-жылдығын атап өтетінін айтты. Қазақстандық дипломат еліміз ядролық қарусыздану, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласында көшбасшы деп танылғанына, және еліміздің Қарулы Күштері БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысып жатқанына назар аударды. Сарапшылар Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту және Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімдерін, сондай-ақ бейбіт келіссөздерге делдал болу бастамасын жоғары бағалады.

Елші А.Камалдинов Қазақстан АӨСШК құрудың бастамашысы болып табылатынын және Сириядағы қақтығысты реттеу бойынша бейбіт келіссөздер жүргізу үшін «Астана процесін» ұсынғанын атап өтті. - Біздің еліміз 2013 жылы Астанада Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісім жасасуда және Иран мен «5+1» тобы арасындағы келіссөздердің екі раундында маңызды рөл атқарды, - деді ол.

Қазақстандық дипломат Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін жаһандық көшбасшылар Альянсы (GAL) құрылғанын, оның мақсаты ядролық соғыс қаупінен азат болашақты құруды ілгерілету болып табылатынын жеткізді.

Елші қатысушыларды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне және БҰҰ Бас Ассамблеясына есеп беретін мамандандырылған агенттік - Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін (IABS) құру жөніндегі Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен таныстырды.

А.Камалдинов Қазақстанның Азия өңіріндегі сенім шараларын және жаппай қырып-жою қаруын таратпау, сондай-ақ ядролық қарусыздану режимін нығайту арқылы халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге берік бейілділігіне назар аударды.

Канаданың Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Маргарет Скок Тәуелсіздік жылдары Қазақстан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізгенін және Орталық Азияның экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның пікірінше, еліміз БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ тәрізді беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады және өзін халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде танытты.

Канаданың жаһандық қатынастар институтының ғылыми қызметкері Эндрю Расиулис Қазақстанның Тәуелсіздіктің 30 жылындағы саяси мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін және келіссөздер жүргізу мен медиация қызметтерін ұсыну арқылы өңірлік жанжалдарды реттеуге қосқан елеулі үлесін оң сипаттады. Ол халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ҚР мен Канада ұстанымдарының ұқсастығын және бітімгершілік пен делдалдық саласында өзара іс-қимылды жолға қою мүмкіндігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев өңірлік және халықаралық қауіпсіздік саласындағы Қазақстанның саясатына егжей-тегжейлі шолу жасады. Ол еліміздің бастамасы бойынша Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құрылғанын және Қазақстанның маңызды жетістігі - МАГАТЭ қамқорлығымен өз аумағында Төмен байытылған уран банкін орналастыру болғанын ескеріп өтті. ӘЭСИ басшысы біздің еліміз өңірлік және жаһандық деңгейдегі 70 халықаралық ұйымның мүшесі болып табылатынын хабарлады және АӨСШК, ШЫҰ, ЕҚЫҰ және т.б. секілді бірлестіктердегі Қазақстанның қызметін ерекше атап өтті.

Оның пікірінше, «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» беру жаһандық антиядролық күн тәртібін ілгерілететін маңызды бастамасы болып табылады. Таратпау және қарусыздану мәселелеріне аса зор үлес қосқан тұлғаларға марапат 2016 жылдан бастап әр 2 жыл сайын беріледі. Сонымен қатар, ол ӘЭСИ мен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі ашық халықаралық диалогты жолға қою үдерісіне белсенді атсалысады.

Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры Әлімжан Ахметов Қазақстанның антиядролық бастамаларын егжей-тегжейлі сипаттап, біздің еліміз ядролық соғыс қаупінен азат әлем құруға ықпал ететін ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық халықаралық шарттардың, соның ішінде ЯСЖТШ, ЯҚТШ және Д3ЯО-ның белсенді қатысушысы болып табылатынын атап өтті. Ол Қазақстанның ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты (ДЗЯО) әзірлеуге, сондай-ақ ЯҚТШ-ның іс-қимылын қарау жөніндегі шолу конференциясының дайындық комитеттерінің отырыстарына тікелей қатысқанын атап өтті.

Қазақстанның Онтарио провинциясындағы құрметті консулы Стэн Барти еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы экономикалық жетістіктерін, сондай-ақ Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын жоғары бағалады. Ол еліміздің Ресей және Қытаймен сындарлы әрі өзара тиімді ынтымақтастығына ерекше тоқталып, Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы болып табылатынын айтты.

Жалпы, іс-шара Канада ғылыми-зерттеу топтарының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға айтарлықтай қызығушылығын көрсетті.

Іс-шараны ҚР Канададағы Елшілігі Карлтон университетінің Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер институтымен (EURUS) және Торонто университетінің Еуропа, Ресей және Еуразиялық зерттеулер орталығымен (CERES) бірлесіп өткізді.