
Оттава қ., 2021 ж. 21 қаңтар – Қазақстанның Канададағы Елшілігі ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауының қорытындылары мен ҚР Президенті Қ.Тоқаев Парламенттің бірінші пленарлық сессиясында ұсынған реформалардың үшінші пакетіне арналған онлайн семинар өткізді.
Семинарға Канада Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері, Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, «Cameco Corporation» президенті Т.Гитцель, «CERBA» қауымдастығының президенті Ж.Бретон, Канаданың ғылыми және қоғамдық топтарының өкілдері, канадалық БАҚ, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының директоры М.Абишева, сондай-ақ Канададағы ҚР азаматтары қатысты.
Семинар барысында ҚР Елшілігінің кеңесшісі Мұрат Рүстемов қатысушыларды Мемлекет басшысының құқықтық әділ мемлекетті, сондай-ақ дамыған азаматтық қоғамды қалыптастыруға бағытталған үшінші реформалар пакетінің ерекшеліктерімен егжей-тегжейлі таныстырды. Қазақстандық дипломат реформалардың әлеуметтік сипатын атап өтті, олардың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқаты мен денсаулығы, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайту, теңгерімді өңірлік даму – деді ол.
Тәуелсіз сараптамалық көзқарасты ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтының директоры Мариан Абишева ұсынды, ол қатысушылардың назарын өткен сайлаудың ерекшеліктеріне және олардың елдің одан әрі демократиялық дамуы үшін маңыздылығына аударды. Оның пікірінше, бұл сайлау ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың кезеңіндегі алғашқы парламенттік сайлау болды және бірқатар карантиндік шектеулерге қарамастан сайлау өтті. Елде алғаш рет парламенттік оппозиция институты ресми түрде құрылды, ал депутаттар арасында әйелдер мен жастар көп болды.
Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, «Cameco Corporation» президенті Тим Гитцель Мәжіліс сайлауына дайындық пен оны өткізу барысын жоғары бағалады. Т.Гитцель ірі шетелдік инвестор бола отырып, дауыс беру процесінің объективтілігі мен ашықтығын, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың дәйектілігін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мұның бәрі шетелдік капитал үшін қолайлы атмосфера жасайды.
Семинар барысында спикерлер канадалық БАҚ-тың Қазақстандағы сайлау процесі туралы бірқатар сұрақтарына жауап берді. Мәселен, канадалық журналист Дэн Донован Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламенттегі өкілдігі институтына, оның саяси және заңнамалық негізіне қызығушылық танытты.
Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 10 қаңтарда Торонто қаласында (Канада) Мәжіліс сайлауына қатысқан Бақыт Адамбеков семинарда өзінің азаматтық пікірін білдірді. Ол Қазақстанның Канададағы Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде дауыс берудің жеке тәжірибесі және осы үдерістің ұйымдастырушылық ерекшеліктері туралы айтып берді.
Жалпы, семинар канадалық аудиторияның, қоғамдық, ғылыми және іскерлік топтардың Қазақстандағы мемлекеттік реформаларға айтарлықтай қызығушылығын және елімізде саяси жаңғырту үдерісі аясында өткен парламенттік сайлаудың маңыздылығын көрсетті.