
Торонтода Қазақ мәдениеті орталығы ашылды
Торонто, 2020 ж. 10 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Елшілігінің бастамасымен Канаданың ең ірі қаласы Торонтода Қазақстанның Консулдығында «Қазақ мәдениеті мен қазақстандықтар орталығы» ашылды. Ресми ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай онлайн форматта өткізілді.
Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов диаспораны көптен күткен Қазақ мәдениеті орталығының ашылуымен құттықтап, бұл іс-шара Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы аясында өткені ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Елшілік Орталықты қазақ диаспора өкілдері мен Канаданың әртүрлі қалаларында тұратын қазақстандықтар үшін, сондай-ақ қазақ халқының тілі, мәдениеті, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарымен тереңірек танысқысы келетін канадалықтар үшін ашып отыр», - деп қазақстандық дипломат атап өтті.
Орталықта қазақ тілі мен мәдениетін оқумен қатар, Канададағы отандастарымызды біріктіру мен жақындасуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Ашылу рәсімінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Марат Мақсұтов ұлы ақын Абайдың әндерін шырқап, кездесу қонақтарын өз өнерімен риза қылды. Қазақ диаспорасының өкілі, әнші Әлия Седекқызы бұлбұл дауысымен іс-шараға қатысушыларды тәнті етті, ал домбырашы Қыранбек Алтанұлы виртуоздық ойнаумен және домбырадағы әндермен кең қазақ даласының рухын жеткізді. Қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары Абайдың өлеңдерін қазақ, ағылшын, француз және орыс тілдерінде оқыды
Салтанатты рәсімнің бейнежазбасын келесі сілтеме арқылы көруге болады: https://www.facebook.com/357100411591432/posts/737033083598161/ .
Анықтама: әртүрлі бағалаулар бойынша қазіргі кезде Канададағы қазақ диаспорасының саны 12 мыңнан астам адамды құрайды. Олардың көпшілігі Канададағы ірі қалаларда - Торонто, Монреаль, Ванкувер, Калгари және Оттавада тұрады.