
«Қазақстан-Канада» Іскерлік кеңесі IV отырысының қорытындылары шығарылды
Оттава, 2020 жылғы 25-26 қараша - Соңғы екі аптада өткізілген бірқатар сауда-экономикалық кездесулерінің сериясын аяқтаған Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің төртінші отырысының пленарлық отырысы өтті.
Отырысқа Қазақстан мен Канада үкіметтері мүшелері, елшілер, ірі компаниялар мен бизнес қауымдастықтардың басшылары, сарапшылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Жалпы іс-шараларға 700-ге жуық адам қатысты.
Ашу сөзінде Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов кездесулердің сәтті нәтижелерін атап өтті және екі елдің іскер топтарын сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың әлеуетін пайдалануға шақырды, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі толық қолдайды деп жариялады.
Өз сөзі барысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан Республикасының тау-кен өндірісіндегі канадалық бизнес үшін маңызды мүмкіндіктерді атап өтті. Ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бірлескен Жол картасын әзірлеуді және елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құруды ұсынды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өз сөзінде қазақстандық және канадалық аграрийлер арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту мүмкіндігіне назар аударды. 2020 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің өзара саудасының 27% өскенін атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалғанын баса айтты.
Канада үкіметі атынан іс-шарада Премьер-министрдің Батыс провинциялардағы арнайы өкілі Джим Карр қатысты. Ол саяси деңгейдегі тұрақты диалогпен қолданылатын елдер арасындағы экономикалық қатынастар туралы айтып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Канада Премьер-министрі Дж.Трюдомен 2020 жылғы ақпандағы Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы шеңберіндегі кездесуі екіжақты қатынастарды дамытуға өзара қолдауды шоғырландырғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2019 жылы елдер арасындағы тауар айналымы 614 миллион канадалық долларды құрады және канадалық компаниялар Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Дж.Карр Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар, экономикалық даму, оның ішінде тұрақты даму, жасыл энергетика мен адами капиталға инвестициялауды ынталандырады.
Кездесу барысында «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының төрағасы Б.Сартбаев біздің елде қолайлы инвестициялық ахуалды құрудағы негізгі жетістіктермен таныстырып, канадалық бизнес қауымдастықты бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанды сенімді серіктес ретінде қарастыруға шақырды.
Сондай-ақ, Канада Сыртқы істер министрлігінің бас экономисі Мари-Франция Паке Іскерлік кеңестің қатысушыларына үйеңкі жапырағы еліндегі және әлемдегі экономикалық ахуал туралы, пандемияның экономикалық өсуге әсері туралы, сондай-ақ Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың жағдайы туралы баяндап берді.
Қорытынды сөзінде жақында Қазақстанның Саскачеван провинциясындағы құрметті консулы болып тағайындалған Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Тим Гитцель 2016 жылы құрылғаннан бергі екі елдің іскерлік қоғамдастықтары арасындағы екіжақты жобаларды жүзеге асырудың тиімді алаңына айналған Іскерлік кеңестің жетістіктерін атап өтті. Сондай-ақ, Т.Гитцель соңғы 10 жыл ішінде өзі мүше болып келген Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысының нәтижелерімен бөлісті. Канадалық кәсіпкер Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесі отырысының күн тәртібі Президент Қ.Тоқаевтың басшылығымен елдің әлемдік экономикаға интеграциялануы, оның ішінде цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика, табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы салаларында Қазақстанның басымдықтарына толық сәйкес келетіндігін атап өтті.
Бұған дейін, қараша айында ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және энергетика, құрылыс және инфрақұрылым, аэроғарыш пен көлік, денсаулық сақтау және білім беру салалардағы жұмыс топтардың бес отырысы өтті.
Жалпы, сарапшылар Қазақстан мен Канада арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген жоғары қызығушылықты атап өтті. Олардың пікірінше, Іскерлік кеңес шеңберіндегі кездесулер пандемиядан кейінгі кезеңінде іскерлік өзара іс-қимылдың жаңа перспективаларын ашты. Отырыс қорытындысы бойынша Іскерлік кеңес мүшелері қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру бойынша Жол картасын қабылдауға келісті.