
Қазақстанның Канададағы Елшісі А.Камалдиновтың Канада Парламенті Қауымдар палатасының спикері Э.Ротамен кездесуі барысында Парламентаралық диалогты дамыту мәселелері талқыланды
2020 жылғы 17 қараша, ОТТАВА. Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов Канада Парламенті қауымдар палатасының спикері Энтони Ротамен бейнеконференция форматында кездесу өткізді.
Қазақстан Елшісі А.Камалдинов Қазақстан мен Канада арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті, әсіресе Канада генерал-губернаторы Джули Пайеттің 2018 жылғы желтоқсанда Қазақстанға жасаған алғашқы тарихи сапарын және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Канада Премьер-Министрі Джастин Трюдомен 2020 жылғы ақпандағы кездесуіне ерекше тоқтады.
Қазақстандық дипломат Канада парламентінің төрағасына Қазақстандағы саяси өзгерістер мен Президент Қ.Тоқаевтың елде жүргізіп отырған демократиялық реформалар туралы хабардар етті, сондай-ақ 2021 жылғы 10 қаңтарға жоспарланған Қазақстан Парламенті Мәжілісінің кезекті сайлауы өтетіндігін айтты. А.Камалдинов канадалық депутаттың назарын 2019 және 2020 жылдары Қазақстанда бірқатар заңдарға енгізілген түзетулер азаматтық қоғамды дамыту, көппартиялы жүйені құру, саяси бәсекелестікті және Қазақстандағы пікірлердің плюрализмін қамтамасыз ету жолында маңызды жетістіктер болып табылады деді. Ол заңнамалық жаңа түзетулердің арқасында парламентте тұңғыш рет парламенттік оппозиция институты құрылып, алдағы мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіне сайлаулар бірінші рет партиялық тізім бойынша өткізілетіндігін баса айтты.
Осыған байланысты, Қазақстан Елшісі А.Камалдинов парламенттік дипломатияның сенімді диалог пен ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті, сондай-ақ екі ел парламенттеріндегі ынтымақтастық топтары деңгейінде парламентаралық байланыстардың одан әрі дамуына ықпал етуге дайын екендігін білдірді.
Канада қауымдар палатасының спикері Э.Рота өз тарапынан Қазақстанмен екіжақты парламентаралық диалогты дамытуға қызығушылық білдірді. Оның пікірінше, парламентаралық байланыстардың дамуы екі жаққа да тиімді болмақ. «Екі елдің де ұқсастықтары көп және Қазақстан аймақ үшін, оның ішінде демократиялық реформалар саласында да, үлгі болып табылады. Осыған байланысты алдағы парламенттік сайлау ерекше назар аударуға тұрарлық. Біз Қазақстанның табыстарына қуаныштымыз және Президент Қ.Тоқаев жүргізген реформалардың жалғасатынына сенімдіміз», - деді Э.Рота.
Канадалық депутат сонымен бірге сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі туралы сұрап, экономиканың қазақстан-канадалық серіктестік үшін ерекше маңыздылығына тоқталды.
Жалпы айтқанда, бұл кездесу парламентаралық диалогты дамытуға және екіжақты қатынастардың барлық салаларында ынтымақтастықты нығайтуға канадалық тараптың қызығушылығы бар екенін көрсетті.