Құрметті қандастар!
Өздеріңізге белгілі биыл аса көрнекті композитор, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі, Қазақстан Республикасы Әнұраны әуенінің авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр.
Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Шәмші әндерінен құралған «Менің Қазақстаным» атты халықаралық-музыкалық челлендж өткізілуде. Аталмыш ән марафонына Сіздер де ерекше үлес қосып, туған Отандарыңызға сағынышты сәлемдеріңізді жолдап, патриоттық сезімнің жоғары үлгісін көрсеттіңіздер.
Жобаны ұйымдастырушылар атынан Өздеріңізге зор алғысымызды жеткізгіміз келеді. Бұл ән эстафетасына әлемнің отызға жуық мемлекетінен қандастарымыз қолдау білдіріп, белсенді түрде атсалысты.
Біз ұйымдастырған бұл онлайн жоба арқылы баршаңыз әлемдегі коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандықтарға рухани күш беріп қана қоймай, тұтас ұлтты жігерлендірдіңіздер деп білеміз.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары отаншыл рухтың негізінде жазылған «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың түзетуімен егемен еліміздің айшықты нышанына айналып, Мемлекеттік гимн ретінде баршамызды қуаттандырып келеді. Мәтіні тілге жеңіл, музыкасы әр қазаққа рухани күш беретін Әнұранымыз мемлекетіміздің басты рәмізі.
Қазіргі уақытта «Менің Қазақстаным» халықаралық музыкалық челленджін қорытындылау жұмыстары жүргізіліп, оның барлық қатысушылары арасында Әнұранды орындау жоспарлануда. Бұл бастама – қиырдағы қандастарымызды туған Отанымен байланыстырумен қатар біртұтас ұлт екенімізді әлемге паш етпек.
Осыған орай, біз ұсынған минусовкаға қосыла Мемлекеттік Әнұранымызды орындап, бейнетаспасын ағымдағы жылдың 17 қыркүйегіне дейін ctcenter2020@gmail.com электронды адресіне жолдауларыңызды сұраймыз.
Ескерту: жеке орындаушылар үшін минусовканы құлаққап арқылы тыңдап, бейнетаспа смартфонды көлденең ұстап түсірілуі және музыкасыз тек Сіздердің дауыстарыңыз жазылуы тиіс. Ал, топтық орындаушылар үшін музыканың дыбысын баяулатып түсірген жөн.
Құрметпен,
Концерттік-гастрольдік қызметтің республикалық орталығы