Сауда-саттықты ұйымдастырушы — Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігі (ұйым нөмірі: 992245220), мекенжайы: St. Olavs gate 21B, 0165 Oslo, Norway — көлік құралын сату жөніндегі ашық аукцион өткізілетіні туралы хабарлайды.
Сауда-саттық бағаны көтеру әдісімен өткізіледі.
Аукцион 20 қазанда сағат 11:00-де мына мекенжай бойынша өтеді: St. Olavs gate 21B, 0165 Oslo, Norway.
Сату объектісі (лот) туралы мәліметтер:
Жеңіл автокөлік
Маркасы мен моделі: Toyota Sienna XLE 3.5L
Шығарылған жылы: 2010
Тіркеу нөмірі: CD 51004
Түсі: қара
Жүрілген жолы: 221 730 км
Қозғалтқыш көлемі: 3 456 см³, бензин
Жалпы жағдайы: техникалық жарамды, пайдаланылған
Бастапқы бағасы: 10 000 еуро.
Кепілдік жарна — бастапқы бағаның 15%-ы: 1 500 еуро.
Аукционның бағаны көтеру қадамы — 5%: 500 еуро.
Қатысу шарттары және өтінім беру тәртібі
1. Аукционға өтінімді уақтылы берген және кепілдік жарнаны төлеген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.
2. Өтінімдерді қабылдау және қатысушыларды тіркеу Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігінің мына мекенжайы бойынша жазбаша түрде жүзеге асырылады: St. Olavs gate 21B, 0165 Oslo, Norway.
3. Өтінімдерді қабылдау мерзімі: ағымдағы жылғы 19 қазанға дейін.
4. Аукцион жеңімпазы болып көлік құралы үшін ең жоғары баға ұсынған қатысушы танылады.
5. Аукцион жеңімпазының кепілдік жарнасы көлік құралының құнын төлеу есебіне есептеледі. Қалған қатысушылардың кепілдік жарналары аукцион аяқталғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде қайтарылады. Ақша қаражатын аударуға және қайтаруға байланысты банктік комиссиялар мен өзге де шығыстар қатысушыларға өтелмейді.
6. Аукционға қатысу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:
o белгіленген нысандағы өтінім;
o жеке тұлғалар үшін — жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
o заңды тұлғалар үшін — өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, сондай-ақ Норвегия Корольдігінің заңнамасына сәйкес заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуін және өкілдің өкілеттігін растайтын құжаттар;
o кепілдік жарнаның төленгенін растайтын төлем құжатының көшірмесі.
7. Сауда-саттыққа қатысушылар кепілдік жарнаны төлемес және өтінім бермес бұрын осы хабарландырумен, шарт жобасымен мұқият танысуға және автокөліктің техникалық жай-күйін қарап шығуға міндетті. Қатысушылар автокөлікті қандай да бір жақсартуды, түзетуді немесе жөндеуді, сондай-ақ қандай да бір салықтар мен алымдардан және көлік құралын тіркеуді немесе меншік құқығын қайта ресімдеуге байланысты өзге де шығыстардан босатуды талап ете алмайды.
8. Егер аукцион жеңімпазы белгіленген мерзімде шарт талаптарын орындамаса, ол автокөлікті сатып алу құқығынан бас тартқан болып есептеледі және кепілдік жарнаны қоса алғанда, төленген барлық төлемдер қайтарылмайды. Кепілдік жарнаны аударуға байланысты банктік комиссиялар сауда-саттыққа қатысушыларға қайтарылмайды. Сауда-саттық барысында сөз байласуға (bid rigging) және заңсыз араласудың кез келген өзге де нысандарына қатаң тыйым салынады.
Кепілдік жарнаны аударуға арналған банк деректемелері
Алушы: Embassy of the Republic of Kazakhstan in the Kingdom of Norway
Ұйым нөмірі: 992245220
Мекенжайы: St. Olavs gate 21B, 0165 Oslo
Банк: DNB BANK ASA
Мекенжайы: DNB, Postboks 1600 Sentrum, 0021 Oslo
IBAN (EUR): NO7812506046937
SWIFT: DNBANOKKXXX
Кепілдік жарнаны аударуға байланысты барлық банктік комиссияларды қатысушы төлейді.
Аукцион жеңімпазының міндеттері және автокөлікті беру
Ең жоғары баға ұсынған сатып алушы сауда-саттық аяқталғаннан кейін дереу Аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қоюға міндетті.
Сатып алушы автокөліктің толық құнын (бұрын төленген кепілдік жарнаны шегере отырып) сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде аударуға міндетті.
Меншік құқығын қайта ресімдеуге, салықтарды (әкімшілік алымдарды), кедендік баждарды және автокөлікті сатып алуға байланысты өзге де төлемдерді төлеуге жұмсалатын барлық шығыстарды сатып алушы толық көлемде көтереді.
Көлік құралын қарап-тексеру және байланыс ақпараты
Автокөліктің техникалық жай-күйімен және құжаттарымен танысуға, сондай-ақ өтінім бланкісін алуға жұмыс күндері алдын ала келісу бойынша болады.
Анықтама телефондары: +47-22-42-06-40, +47-22-42-06-43
Электрондық пошта: oslo@mfa.kzoslo_consul@mfa.kz
Осло, 2026 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов Осло қаласында өткен Король V Харальдтың мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты.
Аза тұту іс-шаралары аясында қазақстандық дипломат ресми көңіл айту кітабына жазба қалдырып, Осло қаласындағы Кафедралды соборда өткен норвег монархымен қоштасу рәсіміне қатысты.
Рәсімге мыңға жуық қонақ, оның ішінде Норвегия және бірқатар шет елдердің корольдік әулет мүшелері, мемлекет және үкімет басшылары, жергілікті Стортингтің (Парламенттің) депутаттары, дипломатиялық корпус пен қоғамдастық өкілдері қатысты.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Норвегия Королі VIII Хоконға әкесі Король V Харальдтың қайтыс болуына байланысты көңіл айту білдірген болатын.
Елдегі конституциялық және институционалдық реформалар аясында қабылданған бұл шара талаптарға сай келетін шамамен бір миллион әкімшілік айыппұлды қамтиды деп күтілуде.
Рақымшылық толығымен цифрлық форматта жүзеге асырылады:
• өтініш беру қажет емес;
• тиісті істер автоматты түрде анықталады;
• рақымшылыққа іліккен азаматтарға электрондық сервистер немесе SMS арқылы хабарланады.
Әкімшілік рақымшылық азаматтар мен жеке кәсіпкерлерге ауыр емес әкімшілік құқық бұзушылықтардан туындаған міндеттемелерін реттеуге мүмкіндік береді. Сот тағайындаған айыппұлдар, қайталама құқық бұзушылықтар, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың денсаулығына немесе мемлекет мүдделеріне қатер төндіретін құқық бұзушылықтар рақымшылыққа жатпайды.
Рақымшылық 2026 жылғы 1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын мемлекет төлейді.
Не істеу қажет?
Шетелдік білім беру ұйымдарында білім алып жатқан Қазақстан азаматтарына шетелдік білім беру ұйымында білім алушы ретінде уақтылы тіркелу маңызды.
Тіркелу шетелдік білім беру ұйымына қабылданғаннан кейін eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы, тиісті білім беру ұйымының оқу туралы анықтамасын қоса тіркеу арқылы жүзеге асырылады.
Аталған мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 10 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін. Сондықтан студент мәртебесі туралы мәліметтерді алдын ала өзектендіру ұсынылады.
Уақтылы тіркелу қандай мүмкіндік береді?
Уақтылы тіркелу студенттердің МӘМС жүйесіндегі тиісті жеңілдікті санатқа енгізілуіне мүмкіндік береді. Бұл МӘМС жарналарының мемлекет есебінен төленуін және Қазақстан Республикасында болған кезде МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық қызметтерді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Студенттерге eGov.kz порталындағы өз мәртебесі туралы мәліметтердің өзектілігін тексеріп, қажет болған жағдайда тиісті тіркеуден уақтылы өтуді ұсынамыз.
Құрметті Қазақстан Республикасы азаматтары!
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді.
Норвегия Корольдігінің аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын Қазақстан Республикасы азаматтары Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде дауыс бере алады.
📍 Сайлау учаскесінің мекенжайы: St. Olavs gate 21 B, 2 etasje 0165 Oslo
🕖 Дауыс беру уақыты: 2026 жылғы 23 тамыз,сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін.
Дауыс беруді тиісті деңгейде ұйымдастыру және сайлау бюллетеньдерінің қажетті санын айқындау мақсатында сайлауға қатысуды жоспарлаған азаматтарды алдын ала тіркелуге шақырамыз.
Ол үшін oslo_consul@mfa.kz электрондық поштасына төмендегі мәліметтерді жолдауыңызды сұраймыз:
Дауыс беруге қатысу үшін өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды жеке басын куәландыратын құжатын (паспорт немесе жеке куәлік) алып келу қажет.
Норвегияда жүрген барлық Қазақстан Республикасы азаматтарын Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырамыз.
Қазақстанның Ослодағы Елшілігінің қолдауымен ағымдағы жылдың 19–21 мамыры аралығында Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы Директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг бастаған норвегиялық кәсіпкерлерден құралған іскерлік делегация Қазақстанға сапар жасады.
Сапар аясында Алматы қаласында норвегиялық бизнес өкілдерінің қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұловпен келіссөздері, сондай-ақ норвегиялық «Йотун» және даниялық «Карлсберг» компанияларымен кездесулері өтті.
Астана қаласында болған кезеңде норвегиялық кәсіпкерлер көлік, денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму, ауыл шаруашылығы, сыртқы істер министрліктерінде, сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінде кездесулер өткізді.
А.ж. 21 мамырда норвегиялық делегация Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған Қазақстан-Норвегия Іскерлік Кеңесінің екінші отырысына қатысты.
2024 жылғы желтоқсанда құрылған Іскерлік Кеңес алаңы екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығының, даму институттарының және салалық компанияларының өкілдерін біріктіріп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.
Ашылу рәсімінде Қазақстан тарапынан Іскерлік Кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Кәрімсақов, Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы Директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділ Тұрсынов сөз сөйледі.
Елші Ә.Тұрсынов Қазақстан-Норвегия Іскерлік Кеңесінің екінші отырысының Астанада өтуінің айрықша маңызын атап өтіп, аталған форматтағы іс-шараның алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отырғанына назар аударды. Қазақстандық дипломат Қазақстан мен Норвегияның бизнес қауымдастықтарын біріктіретін алғашқы мамандандырылған алаң ретінде Қазақстан-Норвегия Іскерлік Кеңесінің маңызды институционалдық рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ол 2025 жылы өзара тауар айналымының 40%-ға өсуін және норвегиялық компаниялардың Қазақстандағы қатысу ауқымының кеңеюін қоса алғанда, экономикалық өзара іс-қимылдың оң серпінін атап өтті. Елші сондай-ақ іскерлік миссиялар мен Кеңес отырыстарына қатысушылар санының артуымен расталатын Қазақстан мен Норвегияның іскер топтары арасындағы өзара қызығушылықтың күшейіп келе жатқанын айтты.
Отырыс аясында тараптардың энергетика және мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы мен акваөсіру, сондай-ақ логистика және орнықты инфрақұрылым бағыттарындағы өзара іс-қимылының негізгі басымдықтары қарастырылды.
Қазақстандық және норвегиялық компаниялар арасындағы практикалық кооперация әлеуетіне ерекше назар аударылып, Іскерлік Кеңес шеңберінде екі ел кәсіпкерлерінің «B2B» форматындағы кездесулері өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша Каспий теңізіндегі акваөсіру және балық өнімдерін өңдеу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған қазақстандық «Organic Fish» ЖШС мен норвегиялық «Optimar» компаниясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
19 мамыр күні, Астанада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның ашылу рәсімі өтті.
19-20 мамыр аралығында ЮНЕСКО қамқорлығымен өтіп жатқан ауқымды халықаралық форум Жошы ұлысының тарихи мұрасын және оның Орталық Еуразия кеңістігіндегі өркениеттік үдерістердің қалыптасуындағы рөлін жан-жақты зерделеу мақсатында отандық және шетелдік жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен халықаралық ғылыми қауымдастық өкілдерін бір алаңға біріктірді.
Симпозиумның мақсаты – Қазақстан Республикасын Алтын Орда мұрасын зерттейтін жетекші халықаралық орталық ретінде таныту, сондай-ақ Жошы ұлысының саяси, экономикалық, мәдени және рухани мұрасын кешенді пәнаралық талдау арқылы Орталық Еуразия өркениеттерін зерттеу саласындағы елдің ғылыми әлеуетін көрсету және оның Еуразиядағы қазіргі интеграциялық үдерістер үшін маңызын айқындау.
Симпозиум аясында Алтын Орданың дала өркениетінің моделі ретіндегі мұрасына арналған тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Экспозицияға археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған.
Көрменің құрылымы бірнеше негізгі тақырыптық бөлімдерді қамтиды: мемлекет және билік, дала сәні мен киім үлгілері, әскери іс, дала және қала өркениеттерінің өзара ықпалдастығы, мәдениет, ғылым және өнер. Ерекше назар 70 археологиялық және сәулет ескерткішін қамтитын интерактивті картаға аударылған. Оның ішінде 17 нысанға кеңейтілген сипаттама, әуеден түсірілген фотосуреттер мен 3D-визуализация ұсынылған.
Көрменің негізгі жәдігерлерінің бірі – дәуір билеушілері мен тарихи тұлғалары туралы генеалогиялық мәліметтерді қамтитын «Хандар шежіресі» қолжазбасы. Сонымен қатар Каталон атласы, хандардың генеалогиясы, теңгелер, жазба деректер және тұрмыстық бұйымдар қойылған. Жазба мұралар қатарында 3 жарлық, 4 дипломатиялық хат және 21 қолжазба бар. Олар түпнұсқа, факсимильді көшірме және электронды нұсқаларда ұсынылған.
Экспозиция Қазақстан аумағындағы маңызды археологиялық ескерткіштердің материалдары негізінде жасақталған. Олардың қатарында көне Сарайшық, Сығанақ, Баршынкент қалалары және тарихи маңызы зор өзге де нысандар бар. Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және оны зерттеуге деген ғылыми қызығушылықты арттыру.
Пленарлық отырысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жүргізді. Ашылу рәсіміне ЮНЕСКО хатшылығының өкілдері, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің дипломатиялық миссияларының өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Иран, Моңғолия, Украина, Мажарстан, Болгария, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция және басқа да мемлекеттердің өкілдері қатысты.
Форумға әлемнің 20-дан астам елінен келген 120 шетелдік зерттеушіні қоса алғанда 300-ден астам ғалым мен сарапшы қатысты. Олардың қатарында тарихшы-медиевистер, археологтар, шығыстанушылар, түркітанушылар, моңғолтанушылар, нумизматтар, эпиграфика мамандары, саясаттанушылар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиумның тарихи ғылымды дамыту мен тарихи өткенді жаңаша пайымдауда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгін біз тек өткенді ғана емес, сонымен қатар мемлекеттілік, бірегейлік және Қазақстанның Еуразия тарихындағы орнын түсінудің негіздерін талқылап отырмыз. Тарихты қазіргі заман тұрғысынан қайта зерделеу жағдайында Алтын Орда Ұлы даланың саяси және мәдени дәстүрінің қалыптасуындағы маңызды кезең ретінде айрықша мәнге ие», - деді министр.
Оның айтуынша, Алтын Орда Шығыс пен Батыс арасындағы өзара ықпалдастықты, идеялар, технологиялар мен мәдени тәжірибелер алмасуын қамтамасыз еткен еуразиялық интеграцияның бірегей үлгісі болды. Ал оның тарихы көшпелі және отырықшы өркениеттер синтезінің көрінісі саналады.
«Қазақстан үшін Алтын Орданы зерттеу тек академиялық міндет емес. Бұл – тарихи сабақтастық мәселесі. Қазақстан өзін Жошы ұлысының мұрагерлерінің бірі ретінде санайды. Дәл осы кеңістікте кейін Қазақ хандығында жалғасын тапқан мемлекеттілік пен этногенездің негіздері қалыптасты», - деді Саясат Нұрбек.
Симпозиумда сондай-ақ ЮНЕСКО-ның мәдениет жөніндегі Бас директоры орынбасарының міндетін атқарушы, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығының директоры Элунду Лазар, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Арслан Койчиев, Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова, «La France s’engage» қорының президенті Одрэ Азуле, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, сондай-ақ Татарстан Республикасы Ғылым академиясы Ш. Маржани атындағы Тарих институтының М.А. Усманов атындағы Алтын Орда және татар хандықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев құттықтау сөз сөйледі.
Симпозиум барысында Алтын Орданың этносаяси тарихы, оның мұрасының қазіргі заманғы маңызы, болашақ зерттеу бағыттары, материалдық және рухани мәдени мұра, жазба және ауызша дереккөздер, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеттік ықпалдастық мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Форум аясында Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын пәнаралық зерттеуге, археологиялық жаңалықтарға, тарихи жады мен бірегейлікті қалыптастыру мәселелеріне арналған мамандандырылған ғылыми секциялар өтеді.
Халықаралық форумның маңызды қорытындыларының бірі – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу бастамаларын біріктіруге және түрлі елдердің ғылыми орталықтары мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған Алтын Орда мұрасы жөніндегі Астана декларациясының қабылдануы болды.
Симпозиумның мәдени бағдарламасы Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасының байлығын және Еуразия кеңістігіндегі рухани дәстүрлер сабақтастығын танытатын «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын қамтиды.
Қазақстанда халықаралық симпозиумның өтуі елдің Орталық Азия тарихы мен мұрасын зерттейтін жетекші орталықтардың бірі ретіндегі халықаралық беделін одан әрі нығайтуға, ғылыми диалогты кеңейтуге және еуразиялық өркениеттің қалыптасуында маңызды рөл атқарған тарихи үдерістерді объективті зерделеуге ықпал етеді.
Елордадағы Президент орталығында 22-26 сәуір күндері «Astana Eurasian Book Fair-2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени-ағартушылық шаралардың бірі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» кітап көрме-жәрмеңкесін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Фолиант» баспасы ұйымдастырып отыр.
«Astana Eurasian Book Fair-2026» көрмесіне 80-ге жуық кітап шығару, танымдық-ғылыми білім беру және полиграфиялық компания қатысады. Соның тең жартысы қазақстандық ұйымдар болса, Қазақстан, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Моңғолия, Испания, Қытай, Иран, Беларусь, Португалия, Венесуэла, Ұлыбритания елдерінен 40 компания қатысқалы отыр.
«Astana Eurasian Book Fair – 2026» кітап көрме-жәрмеңкесі бес күндік мәдени-іскерлік бағдарламадан тұрады. Көрме аясында жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Атап айтқанда, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен жарық көрген «Түрік асханасы» кітабының, Бекарыс Шойбековтің «Айтыстың алтын айдар Бекарысы» айтыстар жинағының, Маржан Ершудің «Жалғыз қол» поэмасының, «Замандастар» сериясымен шыққан «Елдос Сметов. Төзім. Сенім. Жеңіс» кітабының, Ерлан Қожабаевтың «Қазақ оюлары» фотоальбомының, Анжей Сапковскийдің «Мыстангер» фантастикалық шығармасының, Ұларбек Дәлейдің «Бату хан» тарихи романының, Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке», испан жазушысы Хавьер Мороның «Үміт сапары», Эрнест Хемингуэйдің «Қоңырау кімді жоқтайды», Әзербайжан ақыны Рәсмия Сабирдің «Өлең-әйел», Байыт Қабанұлының «Моңғол-өлең» кітабының, Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ақ Жайықтың көз жасы», сондай-ақ «Түркістан – мәңгілік әрі әрдайым жаңа» және «Димаш Құдайберген. Шексіз музыка» атты кітап-альбомдарының таныстырылымы өтеді деп жоспарланып отыр.
23 сәуірде Ұлттық кітап күні мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған республикалық «Ұлттық кітап» байқауының нәтижесі бойынша жеңімпаз баспаларды марапаттау рәсіміне арналған салтанатты шара өтеді.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімі 22 сәуір күні сағат 11:00-де өтеді. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер мен шетелдік елшілер қатысады.