
Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігінің қызметкерлері «Bike for Peace» («Бейбітшілік жолындағы велосипедшілер») қозғалысы ұйымдастырған ядролық қарусыз әлемді қолдауға бағытталған велошеруге қатысты. Шараға норвег парламентінің, муниципалитеттердің, бизнес және академия салаларының өкілдері қатысты. Бұл шеру Хиросима мен Нагасакиді атом қаруымен бомбылаудың 75 жылдығына орайластырылды.
Үш күн ішінде қатысушылар Осло және Акерхус провинцияларындағы қалаларына барды. Осло, Лиллестрөм, Йезхайм және Эйдсвол қалаларының әкімдерімен, сондай-ақ Ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық науқанының (ICAN) мен «Nei til atomvåpen» (Ядролық қаруға жол бермеу) ұйымы жетекшілерімен кездесулер өткізілді. Жарысқа қатысушылар Норвегияның Сыртқы істер министрлігінде қарусыздану мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Йорн Осмундсенмен сұхбаттасты.
Қазақстандық дипломаттар Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың зардаптары, КСРО-дан мұраға қалған ядролық зымырандық әлеуетті бөлшектеу тарихы, сондай-ақ жаһандық ядролық қарусыздану бойынша жұмысты жалғастырудың маңыздылығы туралы айтып шықты. Елшіліктің қызметкерлері норвег тілінде басылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бейбітшілік кіндігі» кітабын сыйға тартты.
«Қазақстан тәуелсіздік алған кезінде әлемдегі төртінші ядролық әлеуетке ие болған. Ел өзінің барлық ядролық қаруын бөлшектеді. Бұл басқа ядролық мемлекеттер үшін орасан үлгі», - деп «Bike for Peace» президенті Туре Нәрланд Осло мэриясының алдындағы алаңында сөйлеген сөзінде атап өтті. Жүзден астам елде ядролық қаруға қарсы велошеру мен митингілер ұйымдастырған Т.Нәрланд өзінің Қазақстан аумағындағы, оның ішінде Семейге сапарымен барғанын жылы лебізімен еске алды.
Осымен қатар, Осло қаласының мэры Мариан Борген, «Бейбітшілік жолындағы мэрлер» қозғалысының мүшесі, «Бұл бүкіл әлемдегі ядролық қаруға тыйым салуға мүмкін екенін дәлелдейтін оңды үлгі» - деп Қазақстанның антиядролық қозғалыстағы рөлін атап өтті.
Стортинг депутаты Химаншу Гулати Нұр-Сұлтан мен Алматыға жасаған сапарлары туралы естеліктерімен бөлісті. «Бізде Норвегия мен Қазақстан арасындағы достық пен сауда ынтымақтастығын кеңейту үшін үлкен әлеует бар. Біз Парламент мүшелері ретінде бұл салада өз рөлімізді орындағымыз келеді», - деді велошеруге қатысқан Х.Гулати.