
Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов Норвегияның Стортинг (Парламент) депутаты мен сыртқы істер және қорғаныс жөніндегі Тұрақты комитетінің төрайымы Ине Эриксен Сёрейдемен кездесу өткізді.
Елші Ине Эриксен Сёрейдеге Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асырылу барысы, Қазақстанның саяси өміріндегі Парламенттің рөлін күшейту, сондай-ақ Астана мен Осло арасындағы қатынастардың жай-күйі мен келешегі туралы хабардар етті.
Сұхбаттасушылар екіжақты деңгейде де, көпжақты институттар шеңберінде де Қазақстан-Норвегия ынтымақтастығының жалпы контекстінде парламенттік дипломатияны жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Әділ Тұрсынов Ине Эриксен Сёрейдені тараптарға қолайлы уақытта елімізге сапармен келуге шақырды.