Қазақстан мен Норвегия парламентаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге келісті

Қазақстан мен Норвегия парламентаралық ынтымақтастықты ілгерілетуге келісті

Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов Стортинг (Парламент) депутаты және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясындағы (ЕҚЫҰ) Норвегия делегациясының басшысы Сив Мосслетпен кездесті.

Әңгімелесу барысында Елші норвег депутатты Жаңа Қазақстанның құрылуы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси және экономикалық реформалардың іске асырылу барысы, Астананың сыртқы саясатының негізгі ережелері және Қазақстан-Норвегия қатынастарының келешегі туралы хабардар етті.

Әділ Тұрсынов пен Сив Мосслет екіжақты деңгейде де, ЕҚЫҰ қоса алғанда, көпжақты құрылымдар шеңберінде де Астана мен Осло арасындағы парламенттік дипломатияның маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында сұхбаттасушылар Қазақстан Парламенті мен Норвегия Стортингі арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мақсатында байланыстарды жалғастыруға келісті.