
Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов пен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Ядролық энергетика технологиялар департаментінің директоры Зуриат Сауатова Норвегияның энергетикалық серіктестер қауымдастығының (NORWEP) басшысы Анн-Кристина Андерсенмен келіссөз өткізді. Кездесуге Aker Solutions компаниясының Вице-Президенттері Джон Нустад пен Геннадий Лахов та қатысты.
Елші сұхбаттасушыларды еліміздің мұнай-газ және энергетика салаларын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлары, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылып отырған жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар туралы хабардар етті.
Кездесу барысында елімізге 37 млрд. АҚШ долл. астам инвестиция тарту жоспарланған Қазақстан Үкіметінің ірі мұнай-газ және мұнай-газ-химия жобаларын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына ерекше назар аударылды.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы қазақстандық және норвегиялық компаниялар арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге келісті.