Қазақстан Елшісі Норвегияның Сёр-Трёнделаг провинциясында болды.

Қазақстан Елшісі Норвегияның Сёр-Трёнделаг провинциясында болды.

Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Әділ Тұрсынов Сёр-Трёнделаг өңірінің әкімшілік орталығы болып табылатын Тронхейм қаласына сапармен барды.

Сапар барысында ол Тронхейм қаласының мэрі Рита Оттервик ханыммен кездесті. Елші сұхбаттасушыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан-Норвег өңіраралық ынтымақтастықты ілгерілету перспективаларын талқылады.

Тронхейм қаласы әкімшілігінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Лиза Мария Диксон ханыммен әңгіме барысында қаланың Сауда-өнеркәсіп палатасымен өзара әрекеттесу және Қазақстанның Тронделаг өңірінде Құрметті консулын тағайындау жоспарлары белгіленді.

Норвегиялық өнеркәсіптік және техникалық зерттеулер қорының (SINTEF) басшылығы – Энергетикалық зерттеулер жөніндегі вице-президенті П.Стоамен, Өнеркәсіптік зерттеулер жөніндегі директор Д.Соруммен және Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Й.Моенмен кездесу барысында екі ел арасындағы инновациялық ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Тараптар бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру, норвегиялық озық технологияларды Қазақстанға ұсыну, еліміздің ғылыми кадрлық әлеуетін нығайту мақсатында өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін талқылады.

Норвегияның жаратылыстану ғылымдары және технологиялар университетінің (NTNU) проректоры Марит Рейтанмен кездесу барысында жоғары білім саласындағы диалогты бастау мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, академиялық алмасу және Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ Елші университет басшылығын келесі жылы елімізде өтетін Халықаралық білім жәрмеңкесіне қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Ә.Тұрсынов Стейнсдален қаласындағы балық өнімдерін өңдейтін Кармасели зауытында болды. Норвегиялық кәсіпорын өз тауарларын Қазақстанға экспорттау үшін тиісті сертификаттар алуға ниетті.

Ә.Тұрсынов Тронхеймде тұратын қазақ диаспорасының өкілдерімен де кездесу өткіді. Оның барысында Норвегияда қазақстандықтарды біріктіру, мемлекеттік тілді және ұлттық мәдениетімізді насихаттау мақсатында іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері талқыланды.

 

Жалпы, өткізілген кездесулер Сёр-Трёнделаг өңірінің біздің елмен өзара ынтымақтастық орнатуға қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Тараптар Тронхеймде бизнес және инновациялар саласындағы бірлескен іс-шараларды өткізуге баса назар аудара отырып, өңіраралық ынтымақтастықты жандандыруға келісті.