
13 қыркүйекте Қазақстанның Ослодағы Елшілігінде Қазақстан-Норвегия қарым-қатынасы, қазақстандық экономиканың дамуы және Орталық Азиядағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Елші Әділ Тұрсынов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жыл сайынғы Жолдауында ұсынған реформалар бағдарламасын баяндады. Құжатта өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, қаржы, IT және цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін қолдау жөнінде Үкіметке нақты міндеттер жүктелді.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан басшысы ұсынған бастамалар халықаралық, соның ішінде норвегиялық бизнес үшін елеулі перспективалар ашатыны атап өтілді.
Іс-шараға саяси комментаторлар Хенрик Вареншольд пен Кнут Эрик Агаард, діни қайраткер және тележүргізуші Ян-Ааге Торп және бизнес профессоры Глен Холе қатысты.