Елшілік Норвегияда жерленген қазақстандық солдаттардың есімдерін жариялады

Елшілік Норвегияда жерленген қазақстандық солдаттардың есімдерін жариялады

Қазақстанның Ослодағы Елшілігі Норвегия аумағында 1941-1945 жылдары жерленген қазақстандық совет солдаттарының тізімін жариялауды бастады.

Екінші дүниежүзі соғысы жылдары оккупацияланған Норвегия аумағындағы концлагерлерде 100 000 жуық советтік әскери тұтқын болды. Олардың 15 500 жуығы абақтыда қаза тапты. Оккупациялық билік қаза болғандарды негізінен лагерлердің жанында көмген болатын. 

Қазіргі ең ірі әскери зират елдің батысындағы Тьётта аралында орналасқан. Ол өз кезегінде екі көпшілік зираттан тұрады. Біріншісі – Әскери советтік зират (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård). Мұнда 8 000 жуық советтік азамат жерленген. Олардың сүйектері 1952 жылғы «Асфальт» операциясы аясында Норвегияның түкпір-түкпірінен әкелінген.  Екінші зиратта немістік «Ригель» кемесінің күйреуі кезінде қаза болған 2500 адамның сүйегі жерленген. Олардың басым көпшілігі советтік әскери тұтқындар.

Соңғы жылдары Норвегияда фашистік шетелдік концлагерлерде қаза болған шетелдік әскери және азаматтық тұлғаларды анықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары айтарлықтай белсендірілді. Зерттеулерді Фалстад Орталығы (Falstad Center, елдің солтүстігіндегі ірі лагердің атымен аталған) жүргізеді. Қазіргі кезде ашық цифрлық базада (www.krigsgraver.no) шетелдік әскери тұтқындардың 9 000 астам есімдері бар.

Көптеген әскери тұтқындар бойынша ақпарат тек солдаттың аты-жөні мен келген елінің («Совет Одағы») шектелген, яғни қосымша іздестіру жұмыстарды талап етеді. Қазіргі кезде, Қазақстанның Норвегиядағы Елшілігі ықтималдығы жоғары қазақстандық болып табылатын 74 советтік солдаттың есімдерін анықтады. Олардың құжаттарында тегі «Қазақстан», «Қазақ ССР» немесе қазақстандық қалалар («Семей», «Жетіқара», «Талғар», т.т.) көрсетілген. Басым көбісі қазақстандық «Мемориал» базасында хабарсыз кеткен ретінде тіркелген немесе мүлдем көрсетілмеген. Сондай-ақ солдаттар туралы мәліметтің толық емес болуы және құжаттардағы қате жазылумен байланысты қиындықтар едәуір.

Елшілік тізімдерді хабарсыз кеткен жауынгерлердің туған-туысқандарына жәрдем ретінде және келешек зерттеу мен іздеулер үшін жариялау маңызды деп санайды. Тізімде қазіргі уақытта қолжетімді Фалстад Орталығы, қазақстандық және ресейлік «Мемориал» базаларының ақпараты жинақталған. Мәліметтер мен орфография құжаттарда жазылғандай беріледі, орыс және норвег тілдерінде. ті.

Анықталған 74 қазақстандық солдат бес әскери зиратта жерленген – Тьётта аралында, Лиллехаммердің маңындағы Йорстадмоен ауылында,  елдің батысындағы Виньеёра ауылында, Бергенде (Åsane kirkegård) және Тронхеймде (Støren kirkegård). Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан азаматтар.

Осыдан ертерек, Елшілік 1944 жылы қазан-қарашада Петсамо-Киркенес операциясында Норвегияның солтүстігін азат ету кезінде қаза болған 65 қазақстандық жауынгердің тізімін анықтап, жариялаған болатын.

Солдаттардың тізімі келесі сілтеме бойынша қолжетімді:

Список советских солдат-казахстанцев, захороненных на территории Норвегии в 1941-1945 гг. (по состоянию на апрель 2020 г.)