
Норвегияда алғаш рет қазақ диаспорасы мен қазақстандық жерлестіктің сан алуан өкілдері бір шаңырақ астына бас қосып, Наурыз мейрамын мерекеледі.
Жиналғандар алдында Қазақстанның Норвегиядағы Елшісі Еркін Ахинжанов, қазақ ақсақалы Кәкайша Шақарбай (Хаки Шакрак) және Норвег Қазақ мәдени орталығының жетекшісі Алмагүл Қалелова сөз сөйледі.
Құттықтаулар концерттік бағдарламаға ұласты: «Косбасқан» және Өзбек биі (Алмагүл Қалелова), «Хафиз» күйі (Сәуле Құдайбергенова), грек әні (Георгиос Фотиадис), «Ақ көгершін» әні (Абыл Қалиев), «Ұйғыр биі» (Құрбанжан Юсупов), «Есіл ағады» (Ару Жолмырзаева-Редондо), «Сағым дүние», «Алматы» әндері (Венера Олюнд), «Қара Жорға» биі (Гүлзира Нүсүп), «Әз Наурыз» әні (Қазақстан Елшілігі ұжымы).
Шараға қазақ елінің беделді тұлғалары Халифа Алтай мен Махмұд Басташтың ұрпақтары да қатысты. Қонақтар арасында Осло опера театрының балет солисті Ерік Мырзағалиев, кәсіпкер Анжелика Османова, норвегиялық компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтар болды.
Жиналған қауым бірлесіп бай дастархан жайды, ал Гүлзира Нүсіп барлық қонақтарға нағыз Наурыз көжесін әзірледі.
Шараға қатысқандардың бәріне творчестволық қойылымдар, дәмді тағамдар және тамаша мерекелік көңіл-күй үшін алғыс айтамыз.