
Жалпы мәлімет
1992 жылы 5 маусымда ҚР мен НК арасында дипломатиялық қатынас орнатылды.
2004 жылғы 21 маусымда Ослода Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы құрылды.
2012 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Дипломатиялық миссиясы Қазақстан Республикасының НК-дағы Елшілігі болып қайта құрылды.
2023 жылдың 16 ақпанынан бастап А.Тұрсынов Қазақстан Республикасының Норвегиядағы Елшісі қызметін атқарады.
2021 жылғы 6 қазаннан бастап Норвегияның Қазақстан Республикасындағы (және Орталық Азия елдеріндегі) резидент емес Елшісі Й.Квистад болып табылады.
Ең жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлар
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 2001 жылғы 2-4 сәуірде Норвегияға ресми сапармен барды.
НК Премьер-Министрі К.Бондевик 2004 жылғы 25-26 мамырда Қазақстан Республикасында ресми сапармен болды.
2010 жылы Норвегияның Мұрагер Ханзадасы Хокон Магнус Қазақстан Республикасына келді.
2018 жылғы қазанда Брюссельде өткен АСЕМ саммиті аясында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев НК Премьер-Министрі Э.Сульбергпен әңгімелесті.
Сыртқы істер ведомстволар басшыларының кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Парламентаралық ынтымақтастық
Норвегияға сапарлар:
- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қ.Сұлтанов бастаған Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасының делегациясы (2010 жылғы 6-10 шілде);
- Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Әбдіқалықова бастаған депутаттар тобы (2013 жылғы 29 қаңтар – 2 ақпан);
- Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі З.Балиева бастаған депутаттар тобы (2016 жылғы 6-11 маусым);
- қауіпсіздік саласындағы парламенттік қадағалаудың норвегиялық тәжірибесін зерделеу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Құл-Мұхаммед бастаған делегация (2022 жылғы 27 мамыр - 1 маусым).
- Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Е.Жаңбыршин бастаған делегация (3-8 желтоқсан 2023 ж.).
Қазақстанға сапарлар:
- Стортингтің халықаралық қатынастар және қорғаныс жөніндегі тұрақты комитетінің төрайымы А.Хюитфельдт бастаған норвегиялық парламенттік делегацияның Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары (2018 жылғы 24-25 сәуір).
Негізгі шарттар мен келісімдер
Мемлекетаралық деңгейде:
1.Қазақстан Республикасы және Норвегия Корольдігі арасындағы екі жақтық салық салуды болдырмау, кіріске және капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Конвенция. 2001 ж. 3 сәуірінде қол қойылды. 2006 жылы өз күшіне енді.
2.Қазақстан Республикасы және Норвегия Корольдігі арасында достық қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша бірлескен Декларация. 2004 жылдың 25 мамырында қол қойылды.
3.Қазақстан Республикасы және Норвегия Корольдігі арасында мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық және диалог туралы бірлескен мәлімдеме. 2004 жылдың 25 мамырында қол қойылды.
Үкіметаралық деңгейде:
2.Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Норвегия Корольдігі Үкіметінің арасындағы дипломатиялық төлқұжат иелерін визалық талаптардан босату бойынша Келісім.3
4.Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Норвегия Корольдігі Үкіметінің арасындағы халықаралық автокөліктік тасымалдау туралы Келісім.
Көпжақты ынтымақтастық
Қазақстан мен Норвегия халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ жүйесі аясында белсенді ынтымақтастық жүргізеді.
Халықаралық донорлардың бірі ретінде Норвегия Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін құруға 5 миллион АҚШ долларын бөлді.
2023 жылдың тамыз және желтоқсан айларында Алматыда және норвегиялық Драмменде Норвегияның радиациялық және ядролық қауіпсіздік агенттігі ұйымдастырған «Қазақстандағы ядролық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға мүдделі тараптардың қатысуы» тақырыбында қазақстандық-норвегиялық семинарлар өтті.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының Геофизикалық зерттеулер институты мен Норвегиялық сейсмологиялық орталығы (Norwegian Seismic Array - NORSAR) Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ) және оның тексеру режимін күшейту мәселелері бойынша белсенді ынтымақтастықта.
Сауда-экономикалық ынтымақтастық
2023 жылы қаңтар-желтоқсан айларындағы Қазақстан мен Норвегия арасындағы тауар айналымы 124,2 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (117,4 млн. АҚШ доллары) 5,8%-ға жоғары.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2005-2023 жж. Норвегия Корольдігінен тікелей инвестициялар 1,6 млрд АҚШ долларын құрады.
ҚР Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда норвегиялық капиталдың қатысуымен 19 кәсіпорын (18 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 1 өкілдік) тіркелген.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық
2019 жылдың желтоқсан айында Осло мен Ставангерде Қазақстанның Кино күндері өтті. 2021 жылдың тамыз айында режиссер Е.Нұрғалиевтің «Жаным, сенбейсің!» фильмі Ослодағы «Ravenheart» халықаралық кинофестивалінде бас жүлде алды.
2021 жылы Абай Құнанбаевтың Қара сөздері мен таңдамалы поэзия кітабы (аудармашы Л.Бобоёрова, редакторы О.Кулос) норвег тілінде алғаш рет жарық көрді. Абай шығармаларын норвег тілінде «Sirkel Forlag» баспасы 1,5 мың данамен шығарған. Туынды Норвегиядағы барлық кітап дүкендерінде және негізгі цифрлық платформаларда мәтіндік және аудио форматтарда қолжетімді.
Елімізде Х.Ибсен, К.Гамсун және басқа да норвег авторларының шығармалары қазақ тіліне аударылған.
Соңғы жылдары Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оккупацияланған Норвегияда қаза тапқан әскери тұтқындар туралы деректер жария етілуде. Елшілік Норвегияда жерленген 74 қазақстандық жауынгердің аты-жөнін, сондай-ақ 1944 жылғы Петсамо-Киркенес операциясы кезінде қаза тапқан 65 қазақстандық жауынгердің есімін анықтады.