
XXVII Петербург халықаралық экономикалық форумының аясында «Қазақстан – Ресей» бизнес-диалогы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, іскер қоғамдастықтардың өкілдері және екі елдің кәсіпкерлері, Еуразиялық экономикалық комиссияның қызметкерлері қатысты.
ҚР және РФ Вице-премьерлері Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук бейне хабарламалары арқылы сөз сөйледі.
Серік Жұманғарин атап өткендей, жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Ресей Федерациясы Қазақстан үшін стратегиялық сауда-экономикалық әріптестердің бірі болып қала береді. «Біздің елдерімізді $26,2 млрд. сомасына 135 өнеркәсіптік жобалар біріктіреді. $2 млрд-қа жуық тағы 27 жоба белсенді іске асырылуда. Соңғы 19 жылда Қазақстанға Ресей Федерациясынан шамамен $22 млрд. тікелей инвестиция тартылды. Қазақстан аумағында үш мыңнан астам бірлескен компаниялар мен ресейлік капиталдың қатысуымен 19 мың компания жұмыс істейді. Біз бірлескен жобаларды жоғары бағалаймыз және одан әрі жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз. Қазақстан бірлескен қызмет үшін қолайлы жағдай жасауға дайын», - деп атап өтті ҚР Вице-премьері.
Өз кезегінде Алексей Оверчук жаңа шешімдер мен бірлескен өсудің қосымша нүктелерін іздеуге бағытталғанын мәлімдеді. «Ресейлік компаниялар қазақстандық достарына экономиканың барлық салаларында өз тәжірибелерін, технологиялары мен бағдарламалық шешімдерін ұсынуға дайын. Тәжірибе алмасу, кооперацияны дамыту, интеграциялық өзара іс – қимылды тереңдету Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының ұлттық дамуына, сондай-ақ біздің экономикалық одақтың тең құқыққа, өзара сыйластыққа және бір-біріміздің мүдделерімізді сөзсіз есепке алуға негізделген ұстанымдары мен әлеуетін нығайтуға ықпал ететін болады», - деді РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары.
ҚР РФ Елшісі Дәурен Абаев өз сөзінде жиналғандарды Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Ол қазіргі бизнес-диалог серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын белгілейтініне сенім білдірді. «Қазақстан еліміздің экономикасына ресейлік инвестицияларды тартуға мүдделі. ҚР РФ Елшілігі бірлескен жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын!»- деп атап өтті Д. Абаев.
Өз тарапынан «KAZAKH INVEST «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев Қазақстанның инвестициялық ахуалы, шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттік қолдау шаралары, Инвестициялық штабтың жұмысы және осы бағыттағы мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы туралы баяндады.
РЭО шетелдік желісін дамыту жөніндегі директоры (Ресей экспорттық орталығы, ВЭБ.РФ тобына кіреді) Дмитрий Прохоренко Қазақстандық бағытты экспортты дамыту бойынша негізгі бағыттардың бірі деп санайды, 2023 жылы компанияларға мемлекеттік, қаржылық және қаржылық емес көмекті қоса алғанда, $8 868 млн. сомасына жалпы қолдау көрсетілді. Оның мәліметінше, 2024 жылға ресейлік компаниялардың Қазақстандағы екі халықаралық көрмеге: қыркүйекте Алматыда KIOGE – 2024 және қазан айында Астанада KazAgro/KazFarm-2024 «Ресейде жасалған» ұжымдық стендтеріне қатысуы жоспарланған.
«Мәскеу экспорт орталығы» АҚ Бас директоры Виталий Степанов қолайлы бизнес-ахуал, экспорттық-сауда және өндірістік-инвестициялық әлеует, Мәскеу агломерациясының перспективалық тауашалары мен басым секторлары, сондай-ақ Қазақстанмен экономикалық байланыстар туралы ақпарат ұсынды.
Ресей Федерациясының Сауда-өнеркәсіп палатасының Вице-президенті Владимир Падалко қайта іске қосылған іскерлік кеңестердің жаңа рөлін атап өтті. Ол Ресей мен Қазақстанның шекаралас аудандарының ынтымақтастығын дамытудың маңыздылығын еске салып, өңіраралық кооперацияны – нақты кооперация деп атады.
Онымен «Росхим» АҚ Бас директоры Эдуард Давыдов келісті. Ол екі елдің өңіраралық өзара іс-қимылы мен инфрақұрылымдық байланысын дамытудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ Қазақстанның химия саласындағы бірлескен инвестициялық-өндірістік жобалардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті.
Тақырыпты «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жалғастырды. Оның айтуынша, Қазақстан-Ресей Іскерлік кеңесі бизнес-бастамаларды ынталандыру және екі елдің кәсіпкерлік қоғамдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету үшін маңызды тетік болып табылады.
Кездесуді қорытындылай келе, оның қатысушылары өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық екі елдің экономикасын нығайтуға, кооперациялық мүмкіндіктерді ашуға, импортты алмастыру проблемаларын және сыртқы саудадағы шектеулерді шешуге, сондай-ақ жаңа өндірістік қуаттар мен жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, табысты өзара іс-қимыл ғылыми-техникалық зерттеулердің дамуын, тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және өндіріс шығындарын төмендетуді ынталандырады.