Омбыда қазақ киносының күндері өтті

Омбыда қазақ киносының күндері өтті

2024 жылы 29 ақпанда Халықаралық ана тілі күнін мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы мен «Қазақфильм» АҚ қолдауымен «Омбы облысының Аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымы Омбының «Слава» кинотеатрында «Қазақ хандығы. Алмаз қылыш» көркем фильмінің қазақ тілінде жабық көрсетілімін өткізді.

Картинаны 2016 жылы белгілі қазақстандық кинорежиссер Рүстем Әбдірашев Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясында түсірген.

Көрсетілімнің ресми ашылуына Қазақстанның Омбыдағы Бас консулы Керім Қожамбердиев, жергілікті қазақ қоғамдық ұйымдарының, іскерлік және мәдени топтарының өкілдері, сондай-ақ Омбы қаласының тұрғындары қатысты.

Қонақтардың назарына сондай-ақ «Ажар» үлгілі би ұжымының, «Арнау» қазақ би мектебінің және «Аманат» вокалдық студияның шағын концерті ұсынылды.