ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Башқұртстанда болды

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Башқұртстанда болды

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Башқұртстанға жұмыс сапарымен барды.

Башқұртстан Республикасының Басшысы Радий Хабировпен кездесу барысында ынтымақтастықтың барлық ауқымындағы мәселелер талқыланды.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың дамуына оң баға берді. Соңғы екі жыл делегациялардың жоғары деңгейдегі кездесулеріне толы болды. Қазақстан Башқұртстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің үштігіне кіреді. Өзара сауда қатынасы төртінші жыл бойы өсуде. Өткен жылы бұл көрсеткіш 10 пайызға өсіп, 464 миллион долларға жетті. Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша тауар айналымы $276,8 млн құрады (өсім 5,3%). Ағаш өңдеу өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында өзара тиімді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Дәурен Абаев Башқұртстанның бизнес-топтарының өкілдерімен іскерлік байланыстарды жандандыру мәселелерін талқылады. Ынтымақтастық әлеуеті әлі толық іске асырылмағаны, бірақ оны арттыруға мол мүмкіндік бар екені баса айтылды. Атап айтқанда, "Кроношпан Башкортостан" ЖШС ағаш өңдеу кәсіпорнына барған кезде кәсіпорын өнімі Қазақстан нарығына шығатыны атап өтілді.

Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінің ректоры Олег Баулинмен кездесуде білім беру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері, оның ішінде профессорлық-оқытушылық құрам арасында тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлық, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Елші Қазақстан үшін жоғары сапалы мамандар дайындағаны үшін ризашылығын білдірді. Қазіргі таңда университетте 200-ге жуық қазақстандық студент білім алуда. Дипломат олармен оқытудың түрлі бағыттарын талқылап, қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Дәурен Абаев сондай-ақ Уфадағы Қазақстанның Құрметті консулдығы кеңсесінің ашылуына қатысты. Ол Башқұртстан басшылығына көрсетілген ұйымдастырушылық көмегі үшін алғыс айтып, өкілдік екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және екі ел арасындағы байланысты нығайту үшін берік көпір болатынына сенім білдірді.

Башқұртстанның 4 мыңға жуық адамнан тұратын қазақ диаспорасы екі бауырлас халықты байланыстыратын достық көпірі болып табылады. Елші отандастармен кездесуде өзара ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын және бірлескен гуманитарлық жобаларды талқылады.

Сапар барысында Дәурен Абаев башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. 2019 жылы оның 100 жылдық мерейтойы Башқұртстан мен Қазақстанда кең көлемде аталып, Алматыдағы көшеге оның есімі берілді. Жазушының шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған бірлескен іс-шаралар тізбегі рухани байланыстарды дамытуға зор үлес қосып, бауырлас халықтардың көп ғасырлық достығының тағы бір символына айналды.