ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Мәскеудегі отандастармен кездесті

ҚР РФ Елшісі Д.Абаев Мәскеудегі отандастармен кездесті

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Мәскеуде қазақ мәдениетінің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерімен кездесті.

Кездесуге "Еуразия әйелдер форумы" өңірлік қоғамдық ұйымының үйлестіру кеңесінің төрағасы Раушан Қанапьянова, Қазақтың этникалық мәдениетін сақтау және дамыту жөніндегі коммерциялық емес ұйымдар одағы кеңесінің жауапты хатшысы Полат Джамалов, "Астана" халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттерді насихаттау қорының президенті Жарқын Өтешова, "Память" коммерциялық емес ұйымының басқарма төрайымы Гүлзифа Смирнова және басқалар қатысты.

Дәурен Абаев Қазақстан басшылығы шетелде тұратын отандастарды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ол Мәскеудегі қазақ диаспорасын Қазақстан мен Ресейдің рухани-мәдени жақындасуының жасампаз саясатының негізгі буыны және жүргізушісі деп атады.

Өз кезегінде қонақтар туған жерден жырақта жүргенде өздерінің тарихи Отанымен ажырамас байланысты сезінетінін, Қазақстанда болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар екенін және өскелең ұрпақтың ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйренуіне белсенді түрде ықпал ететінін атап өтті. Олар көрсетілген ілтипат пен қолдау үшін алғыстарын білдіріп, өзара қарым-қатынас бойынша ұсыныстарын білдірді.

Атап айтқанда, Полат Жамалов Мәскеуде Гете мен Сервантес институттарына ұқсас Абай институтын құру туралы бастама көтерді. Сондай-ақ ол республикада әр жылдары өмір сүріп, еңбек еткен және осы кезеңнің жылы естеліктерін сақтаған ресейліктер арасынан Қазақстанның достары қауымдастығын қайта жаңғыртуды ұсынды. Өз тарапынан Раушан Қанапьянова қараша айының соңында Мәскеуде өтетін "Этно-Эрато" ұлттық киімдерінің XXII Еуразиялық Жоғары сән байқауына шақырды.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар өзара байланыстың және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың өзекті мәселелерін талқылау үшін жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.