
Шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін
«Ата жолы» картасы
Басқа елдерде тұратын этникалық қазақтар «Ата жолы» картасын ала отырып, Қазақстанға оңайлатылған кіру мүмкіндігін пайдалана алады.
«Ата жолы» картасын енгізудің мақсаты - тарихи отанмен байланысты нығайту, ұлттық дәстүрлерді сақтау, Қазақстанда олардың әлеуетін іске асыру үшін біздің елімізге кәсіпқойлар мен табысты бизнесмендерді тарту болып табылады.
Карта шетелде тұратын этникалық қазақтарға азаматтығын сақтай отырып берілетін болады. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады (бірақ паспорттың қолданылу мерзімінен аспайды).
«Ата жолы» картасы бар этникалық қазақтың кандастардан айырмашылығы – ол басқа елдің азаматы бола тұра Қазақстан Республикасының азаматтарымен және кандастарымен тең құқыққа ие.
Егер «Ата жолы» картасының иесі Қазақстан азаматтығын алған жағдайда оның картасы жарамсыз деп танылады.
«Ата жолы» картасының иегерлері еңбек қызметін жүзеге асыру немесе бизнес жүргізу үшін қоныстану өңірін өз бетінше таңдайды.
«Ата жолы» картасын алу үшін негіздемелер
«Ата жолы» картасы бизнес-көшіп келушілерге не шетелде тұратын этникалық қазақтар қатарынан сұранысқа ие кәсіптері бар адамдарға өтініш беру кезінде мынадай санаттардың біріне сәйкес ұсынылады:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы №1587 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесін және қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін мамандыққа ие;
2) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы бұйрығына сәйкес «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін талап етілетін кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» талап етілетін кәсіптерге ие;
3) тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы.
«Ата жолы» картасын ұсыну туралы өтініш «Құтты мекен» АЖ мобильдік қосымша арқылы беріледі.
«Ата жолы» картасын алу тәртібі туралы толығырақ ақпарат инфографикада: