Қазақстанның оңтүстік аймақтары мен Ресейдің Омбы облысының іскерлік топтары сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады

Қазақстанның оңтүстік аймақтары мен Ресейдің Омбы облысының іскерлік топтары сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады

2023 жылы 28-29 наурыз аралығында Түркістан облысының, Шымкент және Омбы қалаларының іскерлік топтары, атқарушы билік органдары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы Бас консулдығы Омбылық Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Омбыдағы Бас консулы Керім Қожамбердиев құттықтау сөзінде, бұл кездесу Ресейдің Омбы облысының және Қазақстанның оңтүстік аймақтарының билік органдары мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері арасында тығыз ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа іскерлік байланыстарды орнатуға жақсы мүмкіндіктер беретініне сенім білдірді.

Онлайн кездесудің іскерлік бағдарламасы аясында қатысушылар Омбы және Шымкент қалалары мен Түркістан облысының экономикалық әлеуетімен, «Авангард», «Оңтүстік» және «Түркістан» арнайы экономикалық аймақтарының қызметімен, сондай-ақ, омбылық, шымкенттік және түркістандық кәсіпорындарының презентацияларымен танысты.