
Ү.ж. 16 тамызында Қазақстан Республикасының Омбыдағы Бас консулы Керім Қожамбердиев Томск облысы губернаторының міндетін атқарушы Владимир Мазурмен кездесті.
Кездесу барысында өңір басшысы Томск облысының негізгі сауда серіктестерінің ішінен Қазақстан сауда көлемі бойынша үшінші орын алатынын атап өтті. «Мен Томск кәсіпорындарында жиі боламын және біздің өнеркәсіпшілердің қазақстандық әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнату жоспарлары туралы білемін. Томск облысының артықшылығы - қуатты ғылыми-білім беру кешені және ғылымның экономикада нақты секторымен қолданбалы өзара әрекеттестігіне үміт арту. Біз осы бағытта қимылдаймыз», - деді Владимир Мазур.
Томск сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен кездесу кезінде Бас консул өңір кәсіпкерлерін Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін белсенді қатысуға шақырды, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың аймақтағы тұтынушыларға жоғары сапалы отандық тауарлардың кең спектірін ұсынуға дайын екенін білдірді.
Өңірдегі тірек жоғары оқу орындарында – Томск политехникалық университетінде, Томск мемлекеттік университетінде және Томск мемлекеттік басқару жүйелері және радиоэлектроника университетінде өткен кездесулер аясында Керім Қожамбердиев білім беру мекемелерінің басшылығын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы екі мемлекеттің аумақтарында білім беру ұйымдарының филиалдарын өзара ашу туралы келісімді жүзеге асыруға шақырып, ресейлік жоғары оқу орындарына Қазақстандағы әріптестерімен серіктестік байланыстар орнатуға өз қолдауын білдірді.
Томск облысына бір күндік жұмыс сапары барысында Бас консул қазақтың көрнекті ғалымы, Томск политехникалық университетінің түлегі, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоғын қойды, сондай-ақ жергілікті қазақ қауымының өкілдерімен кездесті.