
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өскелең ұрпаққа патриоттық пен рухани-өнегелі тәрбие беруге, Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени, тарихи және достық байланыстарды нығайтуға бағытталған "Естелік пен бейбітшілік жолдарымен" атты халықаралық жобасы аясында Қазақстанның шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінен құралған Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының делегациясы Омбыда болып қайтты.
Делегация А.С.Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасында болып, қазақ әдебиеті мен мәдениеті экспозициясының ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ аталған іс-шара барысында кітапханалар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ашылған экспозицияда қазақтың ұлы ақындары Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев және Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған қазақ кітапханасы қорының басылымдары ұсынылды. Делегация мүшелері Омбы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында, Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік әдеби мұражайында және Омбы Достық үйінде болып, Омбы облысының қазақ қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен кездесті.
Осы сапар барысында делегация мүшелері ұлы қазақ зерттеуші, ағартушы және саяхатшы Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне, Жеңіс саябағында орналасқан Мәңгілік алау мен "Сібір Анасы" атты ескерткішіне, сондай-ақ Омбыдағы соғыс ардагерлері госпиталі ғимаратында орналасқан белгілі қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойды.