
25 наурызда Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде Қазақстан экономикасына инвестицияларды тарту мәселелері бойынша семинар өтті.
Іс-шара Қазақстанның Ресейдегі шетелдік өкілдіктерінің мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектор субъектілерімен шетелдік инвестицияларды ұлғайту және бірлескен жобаларды іске асырудың әр кезеңінде инвесторларға қолдау көрсету жөніндегі өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісі Е.Көшербаев және "Kazakh Invest" ҰК АҚ төрағасының орынбасары Г.Өзбеков құттықтау сөз сөйледі.
Семинарға қатысушылар ресейлік капиталдың қатысуымен жобаларды іске асырудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстандағы іскерлік ортаны жақсартуға және инвестициялық ынталандыруды кеңейтуге бағытталған соңғы заңнамалық өзгерістерді талқылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген инвестициялық саясаттың жаңа құралы – стратегиялық маңызды салаларда кемінде 7,5 млн АЕК (шамамен 51 млн АҚШ доллары) мөлшеріндегі инвестициялар көлемін көздейтін ірі жобаларды тиімді іске асыру мүмкіндігін ашатын келісім қаралды.
"Kazakh Invest" ҰК АҚ жоба менеджерлері онлайн-форматта сөз сөйлеп, экономиканың нақты салаларындағы (ТКМК, ЖЭК, АӨК) жобалардың даму ерекшеліктері туралы айтты.
Шетелдік инвесторларға көмек көрсету шарттары мен құралдарын қарастырумен қатар, семинар барысында химия, мұнай химиясы, металлургия, тау-кен, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика саласындағы инвестициялық жобалар таныстырылды.