Омбыда Наурыз мерекесі атап өтілді

Омбыда Наурыз мерекесі атап өтілді

2021 жылғы 21 наурызда Омбыдағы Достық үйінде «Мөлдір» қазақ мәдениетінің сібір орталығы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымы ұйымдастырған "Наурыз" мерекелік салтанатты бағдарламасы өтті.

Көктемнің шуақты мейрамын атап өту аясында қазақтың қолданбалы шығармашылық көрмесі ұйымдастырылып, келген қонақтар қазақ халқының қолөнер бұйымдары, ұлттық киімдері және қазақ мәдениетінің тұрмыстық заттарымен таныса алды. Аталған іс-шара барысында қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылды, көрермендерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрін көрсететін музыкалық миниатюралар ұсынылды, халық және елге танымал әндер мен күйлер орындалды, қазақ домбыра оркестрі мен би ансамблдерінің қойылымдары көрсетілді.

Қазақстанның Омбыдағы Консулдығы қатысушыларды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен және Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтап, Омбы аймағында қазақ халқының тілі мен мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін насихаттау жолында жасап жатқан елеулі еңбектері үшін "Мөлдір" қазақ халық фольклорлық-этнографиялық ансамблі, "Алмаш" домбыра оркестрі және "Әйгерім" үлгілі қазақ би ансамблінің басшылығы мен ұжымдарына алғыс хаттар табыс етті.